Грузияда құтқарушылар бірлескен жаттығу өткізді

Грузияда биыл жаз ыстық және құрғақ болуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан аймақтағы құтқарушылар бірігіп, дайындық шараларын бастап кетті. Мысалы, Грузияның Боржоми шатқалында өткен жазда болған өрт кезінде Түркия әуе күштері көмекке келген болатын. Осыған орай гүржі елінде жақында жедел әрекет ететін арнайы қызмет өкілдерінің халықаралық оқу-жаттығу жиыны өтті.

Грузияда жаз шыққан бетте орманда өрт тұтана бастайды. Кей апат ошағына жету қиынға соғады. Мәселен, былтыр мамандар Боржоми шатқалында болған өртті бірнеше апта бойы өшіре алмай әлек болды.

Натиа Иорданишвили, Грузияның Ұлттық орман агенттігі басшысының орынбасары:

- Грузия ормандарындағы өрттің жиілеп кетуіп климат өзгерісімен байланыстыруға болады. Мұндай табиғи апаттар алдағы уақытта тіптен көбейеді. Бұл анық нәрсе. Бұрын маусымда өрт шыға бастайтын, ал қазір көктем шықпай жатып, орман ағаштары отқа орана бастайды. Орман шаруашылық қызметкерлері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді.

Орман агенттігі өрттің шығуына адами фактор басты себеп дейді. Сондықтан ескертулер ілініп, тыйым салу белгілері орнатылып, халық арасында түсіндіру жұмысы белсенді жүргізіліп жатыр. От жағатын арнайы орындар да бөлінді. Осы аптада Әзербайжан, Армения және Молдаваның Төтенше жағдай қызмет өкілдерінің қатысуымен оқу-жаттығу шарасы өтті.

Тимур Мгебришвили, Грузияның Төтенше жағдайлар басқармасы қызметінің басшысы:

- Бұл жаттығулардың 2 маңызды себебі бар. Біріншіден, өртке қарсы күрес барысы пысықталады. Екіншіден, жалпы жұмыс бағыттары талқыланады. Гуманитарлық топтар да сақадай сай тұруы тиіс.

Көктемде Дания Грузияға орман өртін сөндіруге арналған техника берді. Ал биыл Франциядан өрт сөндіріп, кісі құтқаратын тікұшақтар жеткізілмек.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина.