Блинкен Бейжіңге барды
АҚШ-тың Мемлекеттік Хатшысы Энтони Блинкен Қытайдың сыртқы істер министрі Цинь Ганмен кездесті.
Блинкеннің Бейжіңге бұл сапары жыл басында болуы тиіс еді. Бірақ, барлау шары туралы шу шығып кездесу енді өтті. Екі алпауыт мемлекет біраз қордаланып қалған мәселені талқылады.
Нұрбек Бекен, тілші:
«АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен ҚХР Сыртқы істер министрі Цинь Ган жексенбіде кездесті. Әлемнің бірінші және екінші экономикасы өзара сауда-саттықтан бастап, аймақтық қауіпсіздік, технология, Тайвань мәселесі сияқты өзекті тақырыптарды талқылады. Қос тарап өзара келіспейтін сұрақтар төңірегінде нәтижелі диалог болатынына үміт білдірді. Мемлекеттік департаменттің ресми өкілі Мэттью Миллер Блинкен дипломатия маңыздылығына тоқталып, қаралған мәселелер бойынша ашық байланысты сақтаудың өзектілігін айтты, дейді.»
Келіссөздерді жалғастыру үшін Цинь Ганды Вашингтон шақырған. Энтони Блинкен Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен де кездесуі мүмкін. АҚШ басшысы да алдағы бірнеше айда қытайлық әріптесімен кездесуі ықтимал екенін айтты.
Джо Байден, АҚШ президенті:
«Алдағы айларда мен Си-мен кездесіп, біздің өзара келіспейтін сұрақтар төңірегінде сөйлесіп, реттейтін мәселелерді қарастырамыз деп үміттенемін.»
Камран Бохари, NEWLINE сараптамалық институтының директоры:«АҚШ пен Қытай арасында келіссөздер болады. Бұл қарапайым кездесу емес, маңызы бар үлкен әңгіме деп ойлаймын. Екі мемлекет те қордаланып қалған біраз мәселені алға қояды. Сондықтан олар қалай шешіледі, нәтижесін күтеміз».
Нұрбек Бекен, тілші:
«Естеріңізде болса, АҚШ Мемлекеттік Хатшысы Энтони Блинкен Бейжіңге ақпанда баруы керек еді. Алайда барлау шары туралы оқидан соң сапарды кейінге қалдырған. АҚШ Бейжіңді аз ұлттарға қатысты қысым көрсетті деп айыптағаннан кейін Блинкен Қытайға алғаш рет барып тұр.
Жалпы екі державаның президенті қыркүйекте Үндістанда өтетін үлкен жиырмалықтың жиынына қатысуды жоспарлап отыр. Ал Си Цзиньпин қарашада Сан-Францискода болатын Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы форумына шақырту алған.