Кореяның өрт қауіпсіздігі тәжірибесі Қазақстан мамандарын қызықтырды

Климаттың жаһандық жылынуы орман өрттерінің көбеюіне әкелді.

Осы тұста Оңтүстік Кореяның өрт қауіпсіздігі шаралары отандық мамандарды қызықтырып отыр. Жақында қазақстандық  депутаттар осы елге барып тәжірибесімен танысты.

Корея аумағының 70 пайызы таулы аумақ, сондықтан орман өртінің басым бөлігі қыраттарда болады. Республикалық орман қызметінің 48 тікұшақтан тұратын жеке паркі бар. Олар қызыл жалынның бетін қайтарып, өрт сөндірушілерді тұтану орнына жеткізеді. 

- 50 минут алтын уақытымыз бар. Сол уақыттың ішінде өртті сөндіру керек. Біз өрттің 95 пайызын осы уақытта сөндіреміз.  

Ли Иль, Канвондо провинциясы өрт сөндіру қызметінің басшысы:

- Өрттің алдын алу үшін маусымдық немесе климаттық жағдайларға ерекше назар аударылады. Біз ауа райын қадағалап отырамыз, мысалы, өңірде ылғалдылығы төмен қатты жел тұрып, төтенше жағдай бола қалса, өрт сөндірушілерді алдын ала жібереміз. 

Ал ормандағы ахуал онда орнатылған тепловизорлар мен бейнекамералар арқылы тәулік бойы бақыланады. Сондай-ақ аумақты бақылауға арналған және шағын өрт сөндіру дрондары жұмылдырылады.

- Бұл көлікке өрт сөндіру және бақылау үшін 2-3 дрон орналастырылған. Мұндай көліктер әр өрт сөндіру станциясында бар. 

20 маусымнан кейін Кореяда бір айға жуық уақыт бойы жаңбыр жауады. Бұл кезеңде өрт болмайды. Бірақ жылдың кез келген уақытында өрт сөндірушілер орман аймағында ережелердің қатаң сақталуын қадағалайды.

Ли Иль, Канвондо провинциясы өрт сөндіру қызметінің басшысы: 

- Тек Канвондо провинциясында ғана емес, бүкіл Кореяда темекі тұқылының лақтырылмауын қадағалаймыз. Біз шаруаларға егін жинаудан кейін қалдық қоқысты жағуға тыйым саламыз, тәртіп бұзушыларға үлкен айыппұл салынады. Туристер де орман алқабына кіре берісте оттықты қалдырып кетуі керек. 

Кореяның өрт және орман қызметтері толық жабдықталған. Елде заманауи қорғаныс костюмдері мен оттегі маскалары шығарылады. Шетелдік техникадан бөлек отандық тікұшақтар мен дрондар бар. Ал өрт сөндіру машиналары 10 жыл жұмыс істегеннен кейін есептен шығарылады. 

Владислав Цой, Ольга Лян