Көмірқышқыл газынан қалай құтылуға болады?

Еуропада осыған бас қатырып жатқан елдер көп.

Швейцария 2050 жылы бұдан ада-күде арыламыз деп міндеттеме алды. Норвегия астанасы Осло 2030 жылы-ақ көлік пен өндірістен бөлінетін зиянды газды азайтып, көміртікті бейтараптыққа жеткен әлемдегі алғашқы қала болмақ.

Норвегия астанасының билігі осындай мақсат қойып отыр. Сол үшін жыл соңына дейін қалада жанармаймен жүретін қоғамдық көліктің қозғалысы шектеледі. Бұл туралы бірер секундтан кейін айтамын.

Швейцарияда экологиялық бастама қолдау тапты 

Швейцарияда кез-келген маңызды мәселе референдумға шығарылады. Бұл жолы да солай болды. Кеше дауыс берген тұрғындардың 60 проценті экологиялық бастаманы қолдады. Ол 2050-жылға таман көміртікті бейтараптыққа жетуді көздейді. Бұл мәселе осыдан 2 жыл бұрын талқыға салынған. Алайда тұрғындардың көбі құптамаған еді. Өйткені ол кезде жанармай мен әуе билеттеріне қосымша салық салу ұсынылған. Бұл жолғы жобада мемлекет мұнай мен газдың импортына тәуелділікті азайтып, оларды экологиялық таза баламасымен алмастыруды көздеп отыр. Бұл мысалы жел не күн электр станциялары болуы мүмкін. Осы мақсатқа 2 миллард доллар бөлінеді.

БЛИЦ:

- Бұрынғысымен салыстырғанда бұл жолғы бастамада біраз жеңілдіктер қарастырылған. Сол үшін мен көміртікті бейтараптықты қолдап дауыс бердім. Өйткені өзгерістердің уақыты келді деп санаймын.

- Мен қолдап дауыс бердім. Алайда 2050-жыл дегеніміз алыс қой. Ұзақ күтпей-ақ, қазірден бастауымыз керек деп санаймын. Келер жылы демей-ақ қояйын, бірақ 2030-жылдан бастап іске асырылса керемет болар еді. 

Халықтың бұл жолғы бастаманы қолдауының тағы бір себебі климаттың өзгеруімен де байланысты. Өйткені Орталық Еуропадағы бұл елде жаһандық жылынудың әсері айқын сезіліп отыр. Кейінгі 20 жылда жергіліті  мұздықтар тез еріп, ауданы үштен бірге азайған. Бірақ экологиялық жобаға халықтық партия қарсы. Өйткені бұл энергия тасымалдаушылардың қымбаттауына әкеп соқтыруы мүмкін дейді.  

Пьер-Андре Пейдж, Швейцария Халықтық партиясының кеңесшісі:

- Парламент 2050 жылға таман көмір қышқыл газының шығындыларын нөлдік деңгейде жеткізу мақсатын қойып отыр. Бұл халыққа дизельдік отын, жанармай мен газды қолдануға тыйым салынады деген сөз. Демек тұрғындардың электр энергиясына кететін шығындары артады. Бұл қарапайым халыққа да, үкіметке де салмақ салады.

Норвегияда дизель мен бензин құйған автобустар көшеде жүрмейді   

Солтүстік Еуропадағы тағы бір мемлекет - Норвегия да көміртекті бейтараптыққа бет бұрды. Бұл ретте ел астанасы Осло 2030 жылға таман атмосфераға бөлінетін көмір қышқыл газының шығындыларын нөлге дейін азайтуға ниетті. Бұл әлемнің бірде бір қаласында тіркелмеген жағдай. Норвегияда электр энергиясы негізінен су электр станцияларында өндіріледі. Ауаны ластаудан мұнай өндірісі мен көліктен шығатын газ көш бастап тұр. Сондықтан ел астанасы Осло жыл соңына дейін жанармай және дизельді отынмен жүретін қоғамдық автобустан толықтай бас тартады. Орнына электр машиналар яғни экологиялық таза көліктер қосылады. Бұл бір жағынана қоршаған ортаны ластамайды. Екіншіден, ақша үнемдейді. Өйткені электр энергиясымен жүретін көлікке техникалық қызмет көрсету шығыны әлдеқайда аз. 

Эгил Браадланд, Норвегия көлік қауымдастығының өкілі:

- Норвегиядағы электрмобильге байланысты саясат өте жақсы нәтиже беріп жатыр. Бұл осы көлікке қатысты салық жүйесімен байланысты. Қазір елде әр бесінші көлік электрмобиль.

Экологиялық бастамалар қолдау тапса...

Испания билігі де көмір қышқыл газының шығындыларын азайтуға ниетті. Зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай, ауаны ұшақтар көп ластайды. Сондықтан мұнда қысқа қашықтыққа ұшатын рейстерді шектеу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Сонда ауаға бөлінетін көмір қышқыл газының мөлшері екі есе азаюы тиіс. Ал дүниежүзілік банк өкілдері қоршаған ортаны ластауды азайту үшін, кейбір салаға бөлінетін ақшаны қысқарту керек дейді. Ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы мен қазбалы отынды өндіру секілді табиғатты ластайтын секторларға минут сайын 23 миллион доллар аударылады екен. Халықаралық ұйым мамандары қыруар қаржыны денсаулық сақтау, білім беру және кедейлікпен күреске бағыттау керек деп отыр.