Минскіде ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті

Минскіде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында 3 құжатқа қол қойылды. Бейбітшілік медалін тағайындау, ұйымның қаржылық жағдайын бекіту, квоталық лауазымдарды бөлу туралы шешім мақұлданды.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлері халықаралық және өңірлік жағдай бойынша пікір алмасып, ортақ мәселелерді талқылады. Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы сыртқы байланысты дамытуға қатысты жоспарларын ортаға салды. 

Марат Сыздықов, ҰҚШҰ жанындағы ҚР тұрақты өкілі:

- Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ұйым жұмысын жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныс айтты. Жиынның нәтижесінде бірнеше құжатқа қол қойылды. Ұйымдастыру-қаржылық қызмет саласындағы құжаттар бекітілді.

Кеңесте ғарыштағы қару-жарақ бәсекелестігінің алдын алу мәселесі талқыланды. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің квоталық лауазымдарды бөлу туралы шешімі де мақұлданды. Ауғанстандағы ахуал да назардан тыс қалмады.

Иманғали Тасмағамбетов, ҰҚШҰ бас хатшысы:

- Биыл 28-29 сәуірде тәжік-ауған шекарасында ҰҚШҰ жұмыс тобы болды. Тәжік тарапы шекарашыларға әскери техниканы жеткізу көлемін ұлғайтуды сұрады. Жұмыс тобының мүшелері сұратылған қару-жарақ көлемінің көп екенін ескеріп, бағдарламаны одан әрі пысықтауды тапсырған. Тәжік шекарашыларының нақты қажеттіліктері туралы ақпарат ұйымға мүше мемлекеттерге талқылауға беріледі. Сіздердің тараптан ұсыныс күтеміз. 

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Алқалы жиында 3 бірдей құжатқа қол қойылды. ҰҚШҰ бітімгершілікке үлес қосқан адамдарды марапаттау үшін «Бейбітшілікке бірге» медалін тағайындау туралы шешім қабылдады. Сыртқы істер министрлерінің келесі отырысы биыл қарашада осы Беларусь елінде өтеді.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Ербол Дайыров.