Өзбекстанда Қазақстанның мәдени күндері басталды
Еліміздің өнерпаздары Ташкент, Самарқанд және Бұқарада гастрольдік сапармен жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Қазақ мәдениеті дегенде ойға ең әуелі ұлттық ән-жырымыз мен күмбірлеген күйіміз оралады. Осы ерекшелікті төрткүл дүниеге әйгілеп, кең насихаттап жүрген Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұжымы бауырлас елге өзіндік өнер керуенімен келді. Құрамы кіл таланттан құралған. Ұлттық өнеріміздің өзегі саналатын әйгілі «Гүлдер» ансамблі мен танымал «Тұран» этно-фольклорлық тобы да бар.
Ақтоты Райымқұлова, Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының директоры:
- Жылда болатын мәдени күндер біздің екі бауырлас халықтың арасындағы қатынасты жалғастырып, өнер арқылы бүгінгі күнімізді жалғастырамыз деген үміттеміз.
Тыңдаған сайын құлақ құрышы қанатын классикалық әндерімізді көпшілік қосыла шырқады. Қазақ өнеріне деген ықылас мұнда әуелден бөлек. Концерт түбі бір түркі жұртының бауырластық байланысын аңғартты.
Бахтиёр Мұрадов, Өзбекстан Мәдениет министрлігі халықаралық әріптестік басқармасының басшысы:
- Қазақстанмен бірлескен жоспарымыз көп. Бірлескен концерттік қойылымдар әзірлейміз. Елдегі қазақ мәдени орталығы – біздің мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Олармен де мәдени жоспарымыз түзілген.
Өнер керуені мұнымен тоқтамайды. Алда әлі ежелгі жібек жолы бойындағы көне қалалар – Самарқанд пен Бұқара бар.
Айта кетейік, бұл жолы Ташкентке қазақ киногерлері де табан тіреді. Ел нарығында жоғары бағаланған көркем туындыларын таныстырып, өзбекстандық көрерменге ұсынып жатыр. Кино саладағы байланыс бекем. Қос елдің мамандары қазір бірқатар тарихи туындыны бірлесіп түсіруге кіріскен. Соның бірі – Жалаңтөс, енді бірі Әмір Темір жайында болып отыр.
Авторы: Рауан Мыңбаев.