«Титаникті» тамашалауға шыққан туристер қаза тапты
АҚШ-тың жағалау күзеті мұхит түбіндегі «Титаникті» тамашалауға шыққан туристер қаза тапты деп мәлімдеді.
«Титан» сүңгуірі тиесілі компания мерт болғандардың туған-туыстарына көңіл айтты. Іздестіру тобы Атлант мұхитында 18 маусымда жоғалып кеткен «Титанның» кейбір бөлшектерін тауып алды. Борттағы туристер тірі қалған жағдайда 96 сағатқа жететін оттегі бар еді, бейсенбіде ол таусылды. Кеше жағалау күзеті су астында белгісіз дүмпу болғанын тіркеген. Қазір оның анық-қанығы тексеріліп жатыр.
АҚШ, Канада, Францияның құтқарушылары өткен жексенбіде жоғалып кеткен «Титанды» 30 мың шаршы шақырым аумақта іздеу жұмыстарын жүргізді. Бір адамға 250 мың доллар тұратын туристік сапар осылайша қайғылы аяқталды. Сүңгуір бортында британдық миллиардер, 19 жастағы ұлымен бірге пәкістандық кәсіпкер, француз зерттеуші және OceanGate-тің негізін қалаушы болған.
Уилл Конен, Теңіз технологиясы сүңгуір көліктер комитетінің төрағасы:
- Қараңыз. Сіз 5 жастағы балаға шарды тес дейсіз, ол секундқа жетпей жарылады. Мұхиттың астында да осыған ұқсас жағдай болды. Бір секундта жоқ болды. Дәл сондай жарылыс, бірақ қатты қысыммен ішіне қарай жарылды. Мүмкін, 4 күн бойы қиналғанша осылай болғаны дұрыс та шығар. Менің ойымша, ешкім не болғанын түсінбей де қалды.