Перуде роботтар ағаш егіп жатыр

Амазон өңірінде роботтар ормандарды қалпына келтіріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар қашықтан басқарылады. Күн энергиясынан қуат алатын құлтемірлер бір сағатта үлкен аумаққа ағаш дәнін себе алады.

Перудің табиғат жанашырлары Амазонды қалпына келтіру үшін Швецияның роботехникалық компаниясынан көмек сұрады. Еуропалық компания бірден келіскен. Роботтары ағаш дәнін себеді. Күн батареяларымен жабдықталған құлтемірлер бір күнде 600 түп ағаш еге алады.

Денис Торрес, Амазон өңірін зерттеу институтының өкілі:

- Перуде 80 миллион гектар орман бар. Оны қалпына келтіруге ондаған, тіпті жүздеген жыл керек.

Заңсыз орман отаудың кесірінен бұл аймаққа зор зиян келген. 2022 жылы Амазонда әр минут сайын 3 футбол алаңымен шамалас орман кесілген. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен пайдалы қазбаларды игеру де кері әсерін тигізіп отыр. Перу билігі орманды қорғауға байырғы халықтарды тарта бастады.

Хуан Дуран, орманды қорғайтын компанияның вице-президенті:

- Жергілікті тұрғындарды үйретіп, рейнджерлерді дайындаймыз. GPS секілді озық технологияларды қолдану бойынша жаттығулар өткіземіз.

Амазонка өзені бойындағы ормандардың  әлем үшін маңызы зор. 9 мемлекеттің аумағына жайылап жатыр. Оны мекендеген жануарлар мен өсімдіктердің алуантүрлігі бойынша әлемде оған жететін өңір жоқ. Алайда соңғы жылдары ауданы күрт қысқарып кеткен.

Авторы: Бекболат Тұрмаханов.