Қазақ бишілері Бельгияда өнер көрсетті
Бельгияның Сен-Гилен қаласында Дүниежүзілік фольклорлық би фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Шараға Қазақстан, Колумбия, Сингапур, Аргентина және Польшаның үздік ұжымдары қатысты. «NOMAD» хореография академиясының жас шеберлері фестивальде «Қазақ даласының аңызы» атты қойылымды көрсетті.
Жанат Эрнст, тілші:
- Қазақ хореографиялық ұжымы Бельгияның би фестиваліне осымен үшінші рет қатысып отыр. Биыл «NOMAD» хореография академиясы «Қазақ даласының аңызы» қойылымын ұсынды.
Қазақ оркестрінің әуені көрермендерді Ұлы далаға жетелегендей әсер қалдырды. Ал «NOMAD» хореография академиясының жас студенттерінің биі талғампаз бельгиялықтардың көңілін көтерді.
Айнагүл Нұрғазина, «NOMAD» хореография академиясының директоры:
- Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Өйткені біз бірнеше елдің арасында өнер көрсетіп жатырмыз. Біздің академияның оқушылары – мұндағы ең жас қатысушылар. Біз бүкіл әлемге біздің мәдениетіміздің қаншалықты бай екенін, киімдеріміздің және музыкамыздың қаншалықты әдемі екенін көрсеткіміз келеді.
Бернар Дени, Сен-Гилен фестивалінің режиссері:
- Біз мұндай балетті бірінші рет көріп отырмыз. Залдағы әр көрерменнің жүрегі дір ете қалды. Сіздердің жас бишілеріңіздің өнерінен көптеген эмоциялар алдық. Мен бұл фестивальді 2000 жылдан өткізіп келемін, бірақ мұндайды ешқашан көрген емеспін! Қазақ халқына және оның өнерпаздарына - браво!
Ольга Ганова, Сен-Гилен фестивалінің ұйымдастырушысы:
- Қазақстан бізге әдемі мәдениетін көрсетті. Мұндағы көрермен өте мейірімді, ақжарқын, сондықтан қазақ балаларының өнері, олардың мәдени тұрғыдан қалай дамып келе жатқаны біздің көрермен үшін өте қызықты болды.
Спектакльдің сценарийі бойынша адамды қасқырлар асырайды. Бұл аңыздың терең тарихи тамыры бар. «Қасқыр Ана» бейнесі көшпенді жауынгерлердің сұлулығы мен батылдығын әспеттеп тұр.
Ләззат Смайылханова, қойылымға қатысушы:
- Жалпы біздің осы шет мемлекетке, Еуропа еліне шығу мақасатымыз ол қазақ елінің болмысын, тұрмысын, тарихын, жалпы қазіргі таңдағы өмірін көрсету болды. Қазіргі қойылатын мына балалардың көрінісі тура сол тарихтан басталып, бүгінгі бейбіт өмірді бейнелейді.
Әдия Серікбай, «NOMAD» хореография академиясының бишісі:
- Біз осы Бельгияға біздің тарихымызды, Ұлы даламызда өскенімізді көрсету үшін келгенбіз. Біздің әдемі көйлектерімізді, біздің әдемі шапандарымызды көрсету үшін келгеніміз, осы біздің мақсатымыз болған еді.
Жерлестеріміз фестивальде бірнеше күн бойы өнер көрсетеді. Жас әртістер алғашқы қойлымнан-ақ көрермен көзайымына айналды. Демек олардың өнері жоғары бағалынғаны.
Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов.