Грузияда электромобильге сұраныс артты
Тиісінше импорт көлемі өсіп отыр.
Бұл елде 2017 жылдан бері ескі көлік сатып алуға тыйым салынған. Ал гибридті машинаға салынатын акциздік салық 60 пайызға қысқарып, электромобиль иелері салықтан босатылды.
Биыл Грузия тұрғындары 16 млн долларға 545 электромобиль сатып алған. Солардың бірі Вероника Джиоева. Эко таза көлікті таңдағанына еш өкінген емес. Себебі, Тбилисиде мұндай машинаға арналған тегін тұрақ көп. Табиғат ананы қорғап қана қоймай, Вероника қалтасындағы қаржысын да үнемдеп жүр.
Вероника Джиоева, Тбилиси тұрғыны:
- Бірінші артықшылығы бензин құюдың қажеті жоқ. Яғни өте үнемшіл көлік. Тіпті майды да ауыстырмайсыз. Тағы бір ерекшелігі, бұл электр қозғалтқыш көмегімен тежеледі. Сәйкесінше тозу ықтималдығы минималды. Сатып алғалы 4 жылда бір бұзылған емес.
Тбилиси әкімдігінің дерегінше кешкі қарбаласта елорда көшелерінде 600 мыңнан астам көлік жүреді. Жанар жағармаймен қозғалатын машина ауаны ластайды . Атмосфераға зиянды қалдықтарды азайту үшін Үкімет тағы бір жоба дайындады. Келер жылдан бастап Грузия 2013 жылға дейін жиналған көліктерді импорттауға тиым салмақ.
Ираклий Гарибашвили, Грузия премьер-министрі:
- Бұл заң жобасы елде тіркелген көліктерге қатысты емес, тек енді әкелінуі мүмкін машиналарға қатысты болады. Ауаны тазарту мәселесін шешуііз керек. Әсіресе Тбилисидің экологиясы мәз емес. Біз көршілес елдердің тәжірибесін зерттеп, осындай шешімге келдік.
Тбилисиден Батумиге дейін, 380 шақырым жолдың бойында 200-ден астам электромобиль қуаттағыш орнатылды. Биыл оған тағы 20-сы қосылады. Грузия билігінің жоспары батыл, алдағы бірнеше жылда елдегі бар көліктің 90% -ын осындай экокөліктерге ауыстыру міндеті тұр.
Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили