Испания киберспорт бойынша аймақтағы ірі ойыншы ретінде танылған

Мұнда вируталды спорттан түскен табыс жыл сайын 30%-ке өсім көрсетіп отырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

2021 жылы киберспорт әкелген қаражат 34 млн еуроға жеткен. Мамандар дәл осы Испанияда электрондық спорттың даму екпіні ерекше екенін айтады.

Испания әлем бойынша киберспорттағы ең үлкен, яғни 3 млн-ға жуық аудиториясы бар 15 елдің қатарына енеді. Испаниядағы жұмыс күшіне киберспорттың әсері айтарлықтай қомақты. 2020 жылы киберспорттың еңбек нарығындағы үлесі – 33%, яғни 600 ді құраса, 2021 жылы бұл сан бірден 820-ны құраған.

Лара Изобель, киберспорт бойынша оқу орталығының директоры:

- Ата-аналар балаларын саналы түрде электрондық спорт түріне оқытуға әкеледі. Өйткені қазір жақсы табыс әкелетін жұмыс орындары киберспортпен байланысты және жақсы ойнасаң, жастайынан қаражат таба аласың.

Лара сөзінің жаны бар, Испаниядағы электрондық ойындардың қауымдастығы 2020 жылы бүкіл әлем бойынша киберспорттан түскен табыс 947,1 миллион долларды құрағанын растайды. Испания бойынша киберспорт әкелген қаражат 2021 жылы 34 млн еуроға жеткен. 2026 жылы бұл сан 55 млн еуроға жетеді, - деп болжайды мамандар. Қауымдастық әлемде 215 миллионнан астам киберспорт әуесқойлары бар деп есептейді.

Антонио Пино, киберспорт бойынша ұлттық команданың директоры:

- Пандемия және ақпараттық технологиялардың дамуы киберспорт индустриясының күрт өсуіне көмектесті. Испанияда кибепспорттың экожүйесі жақсы дамыған. Біздің ел Еуропадағы кәсіби ойыншылар мен командалардың ең көп санына ие.

Киберспорт әлемінде испандық Кристиан Фернандестің есімі кең танылған. Ол 2022 жылы әртүрлі бейне ойын жарыстарында шамамен 111 мың 610 доллар табыс тауып, испандық киберспорт рейтингінде бірінші орынды иеленді.