Орман өрті салдарынан Торонто аспанын түтін тұмшалады
Канададағы орман өртінің салдары елге ауыр тиіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Торонтоны қазір көк түтін тұмшалады. Ауаның ластануы өте қауіпті деңгейге жеткен. Еуропалық Одақтың Copernicus атты мониторинг қызметінің деректері бойынша, таяуда елде рекордтық көлемде 160 миллион тонна көміртегі шығарылған. Экологтар қоршаған ортаға залал келді деп дабыл қағып жатыр. «Ауадағы зиянды заттардан адамдарда инфаркт, инсульт және түрлі респираторлық аурулардың асқынуы мүмкін», - дейді мамандар.
2023 жыл Канада үшін ең ауыр жыл болып отыр. Орман өрті әлі тоқтамады. Қазіргі таңда елдің шығысы мен батысында 76 мың шаршы шақырым аумақ жанып жатыр. Жалпы елде өрт басталғалы 4 млн гектар күлге айналған. Қазір көк түтін көрші елдерге де тарап жатыр.