Қажылыққа барғандар аптап ыстыққа тап келді
Биыл қажылыққа барған миллиондаған мұсылман нағыз сынаққа тап болды.
Сауд Арабиясындағы аптап ыстыққа байланысты 4 мыңға жуық адам ауруханаға түсті. Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 200 мыңнан астам азамат дәрігердің көмегіне жүгінген. Билік жаңа ауруханалар ашып, қосымша медицина қызметкерлерін дайындап қойған. Қажылар қолшатырды паналап, суық судың көмегімен жан шақырып жүр. Климаттанушылар осы жүзжылдықтың соңына қарай Саудияда жазғы мезгілде ауа температурасы 50 градусқа дейін жетіп, бұл тұрақты құбылысқа айналуы мүмкін деп болжайды.
БЛИЦ
- Меккеде температураның жоғары болатынын бәріне белгілі. Қазір ми қайнатқан ыстық болып тұр. Бірақ билік ауабаптағыштар қойып, бізге жақсы көмектесетіп жатыр. Әсіресе таңғы 11-ден түс ауғанша күн ерекше ысиды.
- Температура өте жоғары. Алайда сусын, тамақ сияқты қажетті нәрсенің бәрі бар.
Биыл Меккеге қажылық парызын өтеу үшін 2 миллионға жуық адам келген. Мұның өзі коронавирустан кейінгі рекордты көрсеткіш.
Канадада аптап ыстық салдарынан туындаған ормандағы алапат өрт әлі басылған жоқ. Әлі 250-ден астам от ошағы жанып жатыр. Тілсіз жау 8 млн гектар жасыл желекті күлге айналдырған. Елдегі ең ірі Торонто қаласы түтіннің астында қалды. Ластануды қадағалайтын қызмет 160 миллион тонна көмертегі ауаға жайылғанын хабарлады. Мамандар мұны рекордты көрсеткіш деп дабыл қағып жатыр. Билік адамдарды сыртқа шықпауға шақырып, бұқаралық іс-шараларды тоқтату қажет деп мәлімдеді. Дәрігерлер инфаркт, инсульт және тыныс алуға қатысты түрлі аурулар асқынуы мүмкін деп ескертті.
БЛИЦ
- Жасым 87-ден асты. Түтіннен қатты қорқып жүрмін. Бетпердені тастамайтын болдым. Далаға мүлде шықпаймын.
- Осы қалада тұрып жатқаныма бақандай 47 жыл болды. Бірақ ауаның ластағынан бірінші рет көріп тұрмын. Сұмдық жағдай.
АҚШ қалаларында ауа ластанды
Канада орманындағы өрттен тараған түтін АҚШ-тың Чикаго, Кливленд пен Индианаполис сияқты ірі қалаларын да басып алды. Орталық Батыс пен Шығыстағы ахуал нашарлаған. Мамандар ондаған штатта ауаның ластануы апта соңына дейін жалғасуы мүмкін деп ескертіп жатыр. Жүз миллионнан астам америкалық ластанған ауаны жұтуға мәжбүр. Бұл шамамен АҚШ халқының 30 проценті.
Сьюзан Джой Хассол, климат жөніндегі сарапшы:
- Аптап ыстыққа ұласқан ғаламдық жылынуды адамзаттың өзі тудырып отыр. Ыстық АҚШ-тағы ең экстремалды ауа райы. Одан торнадодан 2 есе, суықтан 4 есе көп адам өлуі мүмкін. "Жаман айтпай, жақсы жоқ" деген. Қазір түнде де температура түспей тұр. Мына ыстық электр жүйесіне үлкен салмақ сала бастады. Істен шығу қаупі бар. Сақтық шараларын күшейту қажет.
Канададағы өрттен тараған түтін осы айдың басында Норвегияға жеткен болатын. Ал қазір Ұлыбританияға тарай бастаған.
Еуропаның оңтүстігінде әсіресе Испанияда сынап бағанасы 44 градустан асты. Ел астанасы Мадрид, КордОба мен СевИлья қалаларында қауіп-қатердің ең жоғары деңгейі жарияланды. Халық күні бойы судан шықпайды. Бірақ ауызсу тапшы. Су қоймалары да тартылған. Әсіресе мал мен егістікке қиын.
Рубен Дел Кампо, Мемлекеттік метеорология агенттігінің ресми өкілі:
- Ерекше аптап ыстық орнады. Адамдарды сақ болуға шақырғаннан басқа амал жоқ. Өйткені климат өзгерісіне қарсы енді түк істей алмаймыз. Алдағы жылдар бойы бұл жағдай ушыға бермек.
Климаттың өзгерісіне бейімделу қажет
Мамандар Испаниядағы ауа температурасы соңғы 12 жылда үздіксіз жоғарылап жатқанын айтады. Былтыр елде 300 мың гектар орман алқабы отқа оранып, 4 адам ажал құшқан болатын. Биыл 66 мың гектар жасыл желек жойылған. Климат өзгерісі, ғаламдық жылыну адамзат үшін соңғы жылдары қалыпты жағдайға айналды. Сондықтан сарапшылар шағымдана бермей, жағдайға бейімделіп, қамданған дұрыс дейді.