Сеул дүкендерінде тұз таусылып қалды
Сеул дүкендерінде теңіз тұзы таусылды.
Кейінгі уақытта жұрт оны көп мөлшерде сатып алған. Сұраныс артқандықтан тауар құны 27 пайызға өсті, ал кейін тіпті тапшы болды. Корея тұрғындары балық пен өзге де теңіз өнімдерін молынан жинап, қамдана бастады. Себебі халық Жапония билігінің радиоактивті суды мұхитқа төгу жоспарына алаңдап отыр. 2011 жылы алапат жер сілкінісі мен цунами салдарынан Фукусиманың суыту жүйелері қираған еді. Апаттан кейін ондағы резервуарларда бір миллион тоннаға жуық радиоактивті су жиналып қалған. Ол реакторларды салқындату үшін қолданылған. Мамандар суды мұхитқа ағызбас бұрын арнайы тазартудан өтетінін айтады.
Ли Ян Мин, Сеул қаласының тұрғыны:
- Мұхитқа төккеннен кейін түк өзгерте алмаймыз. Азаматтарымыздың қауіпсіздігін ойлап, радиоактивті судан құтылудың өзге амалын тапқаны жөн болар еді.