Сеулде жасанды интеллект көрмесі өтті
«Ақылды» пианино мен үй жануарларын алмастыратын робот.
Жасанды интеллект көрмесі Сеулде өтті. Оған 300-ге жуық компанияның өнімдері қойылды.
Сеулдегі көрмеде ақылды құрылғылар келушілерге жол көрсетіп, кофе және басқа да сусындарды ұсынды. Оңтүстік Кореяда жасанды интеллект барлық салада, тіпті музыка мектептерінде де қолданылады. Ақылды пианино оқушының шеберлігін бағалай алады.
Владислав Цой,тілші
- Осы ақылды құрылғы көмегімен пианинода ойнау техникасын жақсартуға болады. Музыкалық туындыны орындағаннан кейін жасанды интеллект сіздің кемшіліктеріңізді көрсетеді. Мұндай ақылды аспаптар Оңтүстік Кореяның 9 аймағындағы музыка мектептерінде қолданылады.
Чо Сын Хен, жасанды интеллект компаниясының директоры:
- Біздің пианино дайындықты бағалай алады және оқушының қабілетін арттырады. Тіпті балабақша тәрбиеленушілеріне де арналған бағдарламалар бар. Деректер базасында 30 мың музыкалық туынды бар.
Ал бұл робот күзетші. Оның камерасы 360 градусқа айналады. Сенсорлар отты, бөлмедегі жоғары температураны бақылайды. Төтенше жағдайда ол құтқарушыларға бейнежазбаны жібере алады.Тіпті үй өсімдіктерін бақылайтын мобильді бағдарлама бар. Құрылғы көмегімен топырақтың ылғалдылығын анықтауға болады. Бағдарламада өсімдіктердің 500 түрі туралы мәлімет қарастырылған.
Ян Сон Хан, IT компания директоры:
- Біздің компания өсімдіктерге күтім жасауды ұнататын адамдарды біріктірді. Біз күтімді қалай жеңілдетуге болатынын ойлап осындай қосымшаны жасадық. Бағдарлама топырақтың күйін, ылғалдылығын және бөлмедегі температураны көрсетеді. Сенсор батарея арқылы жұмыс істейді. Бір рет қуатталса, 120 сағатқа жетеді.
Көрмедегі жәдігерлерден корей қоғамында қандай мәселелер бар екенін білуге болады. Соңғы жылдары баласыз отбасылар саны көбейді. Олар сәбидің орнына үй жануарларын асырайды. Сондықтан көрмеде робот ит танымал болды. Ол сипалауға жауап береді және иесімен ойнай алады. Кореяда жалғызбасты қарттардың саны да артып келеді. Олар үшін робот көмекші жасалды. Ол зейнеткерлерге қашан дәрі қабылдау керектігін ескертеді және сүйікті әуендерін қояды. Ол сондай-ақ қан қысымы мен қандағы қант деңгейін өлшей алады. Егер зейнеткер ұзақ уақыт қозғалыссыз болса немесе сигналдарға жауап бермесе, робот құтқару қызметіне қоңырау шалады. Осындай бір құрылғының құны 1 мың 100 ақш долларына бағаланды. Кореяда қазірдің өзінде 10 000-нан астам ақылды көмекшілер сатылымға шыққан.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян