Өзбекстан 2030 жылға қарай мақта экспортынан бас тартуы мүмкін
Оның орнына туризм саласын дамытып, түсетін пайданы 5 млрд долларға дейін жеткізбек.
Қазіргі көрсеткіш 1 млрдтан асады. Мақта егу тоқтағанымен, тоқыма өндірісі үзілмейді. Тәуелсіздік жылдары мемлекетте кластерлік шаруашылық құрылып, осы салада жұмыс істейтін 350 фабрика бой көтерді. Ондағылар шикізатты өңдеп, дайын тауар жасауға бейімделді. Ала шапанды ағайын ақ алтын аталып кеткен өнімнен емес, саяхатшылардан кіріс көбейгенін айтып отыр. Елде бір мезетте 120 мың саяхаттаушыны қабылдауға жағдай жасалған. Оны еселеу үшін жаңадан 4 мың қонақжай салу жобасы басталып кетті. Ташкент Самарқанд және Ташкент Әндіжан арасын жаңа автокөлік дәлізімен жалғау да жоспарда.
Фаррух Шакиров, Өзбекстанның қонақүй қауымдастығының төрағасы:
- Қазір елде 1564 қонақүй бар. Сала қарқынды дамып келеді. Пандемия кезінде сырттан келушілер азайғанымен, Өзбекстан ішінде саяхаттау үрдісі жанданды. Оның үлесі 12 млн адамға жетіп жығылады. Дегенмен шетелдік меймандарды көбірек қабылдау маңызды. Сондықтан мемлекет биыл 7 млн турист қабылдауды жоспарлап отыр.