Қытай 5G жүйесімен өз аумағының 90% қамтиды
Осы жылдың соңына дейін Қытай өз аумағының 90% 5G жүйесімен қамтиды.
Бүгіннің өзінде Қытай аталған технологияны игеру бойынша дүниежүзіндегі көшбасшы мемлекет саналады. Осы уақытқа дейін 85 миллиард доллар инвестиция құйған. Бірақ ел билігі мұнымен тоқтап қалмақ емес.
2019 жылы Қытай коммерциялық бағытта қолдануға болатын 5G интернет желісін енгізді. Бүгінде бұл елде 5G сервисін ұсынатын базалық станциялардың саны 2,7 миллионға жетеді. Ал пайдаланушылар саны 634 миллионнан асады. Жыл соңына дейін тағы 600 мың станция салып, жылдам интернетпен елдің барлық аймағын қамту көзделген.
Цзинь Чжуанлун, ҚХР Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрі:
- Цифрлық экономиканы дамыту үшін жаңа ақпараттық инфрақұрылымды жоспарлы дамытуды жеделдетіп, гигабайттық қалалар тұрғызуды қолға алу қажет. Сонымен қатар 5G оптикалық желілер мен сапалы желілік қамтудың ауқымын ұлғайтуымыз керек.
Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрлігінің мәліметі бойынша бүгінде ұялы байланыстың бесінші буыны экономиканың негізгі 97 саласының 60-сына толық енген. Шанхайдағы Дүниежүзілік мобильді конгрессте аталған технологияның басты назарда болуы да сондықтан. Компаниялар 5G-ді шахта жұмыстарына енгізудің үлгілерін көрсетіп, жаңа жүйенің өндірістік процестерге қаншалықты оң әсер ететінін баяндап жатыр.
Ли Шоуджин, ұялы байланыс операторының өкілі:
- Интерфейсте икс белгісі шықса, демек жұмысшы басқа бөлшекті алған.
Осындай әдіс өндірістегі қателіктерді азайтуға көмектеседі.
Өндірісті оңтайландыру – табысты арттыруға жол ашатыны сөзсіз. Қытай компаниялары мұны ауаға көміртек шығармайтын алғашқы порт терминалының моделі арқылы дәлелдеп келеді. Өйткені дәл осы көлік терминалы 5G жүйесімен қамтылған.
Чжао Икунь, Тяньцзинь портының қызметкері:
- Кран мен көпір эстакадаларын қашықтан басқаруға болады. Енді бір жүргізуші бір мезетте алты-жеті көпір салушыны басқара алады. Біздің жүйеге арналған электр энергиясы жел турбиналары мен күн батареялары арқылы өндіріледі.
Бүгінде озық технологиясыз экономиканы дамыту мүмкін емес. Сондықтан әлем елдері әсіресе Қытай байланыстың алтыншы буынын енгізу жағын жіті зерттеп зерделеуге кіріскен.