Швейцария студенттері робот-балықты ойлап тапты

Ол силиконнан жасалған. Су астындағы тіршілік иелері шошымас үшін, робот балық дыбыссыз жүзеді.

Бұл - Бэлл, автономды робот-балық. Ол теңіз әлемін зерттеуші-ғалымдардың көмекшісі. Су астындағы ДНҚ үлгілерін жинауға атсалысады. Балықтарды шошытып алмас үшін, Бэлл өз жұмысын дыбыссыз жүзіп істейді екен. Теңіз әлемін суретке түсіріп, суасты организмдер туралы түсінік беретін үлгілерді жинақтайтын құлтемірдің авторы - Швейцариядағы Цюрих университетінің стуенттері. Леон Гуггенхайм - солардың бірі.

Леон Гуггенхайм, "Робот-балық" авторларының бірі:

- Біздің мақсатымыз экожүйеге сәйкес келетін және оның бөлігі ретінде қабылданатын платформа құру еді. Сондықтан біз балық сияқты жүзетін, сондай-ақ басқа теңіз қоректілері оны балық ретінде қабылдайтын роботты жасадық.

Ұзындығы метрге шақ робот су астындағы офлайн навигация үшін жасанды интеллектті пайдаланады. Сөйтіп, барған жерінде оқшауланған электронды ДНҚ үлгілерін түсіріп алады. Робот-балықтың еркін қозғалысы үшін қабырғасы силиконнан жасалыпты. Ал жұмсақ желбезегі суда турбуленттілік тудырмай қозғалуға мүмкіндік береді.

Роберт Кацшманн, робототехника кафедрасының доценті:

- Қазіргі заманда мұхиттарға үлкен суасты көліктерін пайдаланамыз. Бірақ олардан балықтар қорқып қашады. Ал біздің робот электронды ДНҚ-ны алу үшін өте қолайлы. Демек, біз тыңшы рөліндегі балықты ойлап таптық.

Робот авторлары бұл өнертабыс теңіз биологтарына шамадан тыс балық аулау, ластану және климаттың өзгеруі сынды факторлар әсер еткен әртүрлі РИФ экожүйесінің қалпы мен биоәртүрлілікті зерттеуге көмектеседі деп үміттенеді.

Авторы: Сымбат Ғалымжанқызы