Испанияда «Жолбарыс» масасына қарсы күрес күшейді
Испания масамен алысып әлек, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мұнда тіпті жәндікке «Жолбарыс масасы» деп ат та қойған.
Кішкентай қансорғыштан құтылу үшін елде арнайы көрпе де тігіле бастады. Ғалымдар нанобөлшектер ойлап тауып, соның ішіне салған. Бұл көрпені жамылған адамға маса жуымайды.
Жолбарыс масасы Испания елі аумағының 85%-інде тіркелген. Бұл жәндіктер «Зика» вирусы мен «Сары безгек» сияқты қауіпті ауру түрлерін тасымалдайды. Оның жылдам таралуына климаттық өзгеріс тікелей әсер еткен. Паразиттердің көбеюіне адамдардың аз қозғалысы да себеп болған. Салдарынан бұл масалар да көп ұшпайды, көбінесе көліктерге тығылады.
Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті масадан аса қатты зардап шеккен Валенсия қауымдастығына олармен күресті күшейту үшін 350 000 еуро субсидия бөлді.
Лоренсо Касерес, эколог:
- Бұл іске халық болып жұмылған жөн. Қазір жергілікті билік масалармен күресу үшін тұрғындардан көмек сұрап отыр. Ескі құбырларды тазалап, тұрып қалған дала суынан дер кезінде құтылу керек. Декоративті субұрқақтардың да қажеті шамалы. Ылғалды дүние ызыңдаған масаны жинамай қоймайды
Испандық компаниялар да бұл мәселені шешуге күш салып жатыр. Қазір Альмерия қаласындағы өндіріс орындарының бірі арнайы көрпе шығара бастады. Жергілікті ғалымдар арнайы нанобөлшектерді ойлап тауып, текстильдің құрамына қосқан. Көрпені пайдалансаң, оған маса түгілі шыбын-шіркей, бит пен кенелер де жуымайды.
Адриан Ариас, компания қызметкері:
- Масадан қорғануға арналған дәрі-дәрмек құрамында ағзаға кері әсер ететін химиялық қоспалар көп. Біздің компания адам денсаулығына еш зияны жоқ көрпелерді жасап шығарды. Өнім толықтай заманауи технологияға негізделген. Бұл жоба ұйқыдағы жанға қорған болады.
Қазір жаңа тауар құны нақтыланбаған. Өнім әлі де тестілеуден өткізіліп жатыр. Бұл – елдегі масаға қарсы күреске бағытталған бір ғана жоба. Бұдан бөлек, «Мosquito Alert» мобильдік қосымшасы іске қосылды. Ол қолданушыларға жәндіктердің белсенділігін белгілеп, Испаниядағы әртүрлі медициналық және зерттеу орталықтарына ақпарат жіберіп отыруға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау ұйымдары осы арқылы елдегі эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстайды.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач.