Өзбекстанда жаңа ГЭС салу жобасы талқыланды
Орталық Азияның 3 мемлекеті бірлесіп, ірі гидроэлектрстанциясын салады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан осы ауқымды жобаны қолға алды. Жаңа энергетикалық нысан «Қамбар ата» су қоймасында бой көтереді. Оның жылдық қуаты 1900 мегаватқа дейін жететін болады. Бұл еліміздің оңтүстік өңірлерін тұрақты негізде электр қуатымен қамтуға мүмкіндік береді.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- «Қамбар ата» гидроэлектрстанциясын салу жөніндегі жоба бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Кезекті келіссөз Ташкентте өтті. Оған 3 елдің Энергетика министрлері жиналды. Қырғызстанда орналасқан су қоймасы енді қазақ пен өзбек үшін де ортақ стратегиялық нысанға айналуы мүмкін. Себебі онда салынатын станция құрылысына Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан тарапы қаржы құяды. Жоба құны әзірге нақтыланбады. Дегенмен сарапшылар құрылысқа шамамен 3 млрд доллардан аса қаражат қажет деп болжап отыр.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Қамбар ата ГЭС 1 жобасын салу мәселесін талқыладық. Оны бірлесіп жүзеге асыруға барлық тарап мүдделі. Нәтижесінде аймақ жаңартылған қуат көзімен қамтылады. Суды да үнемдеу жайы басты назарда болады. Станция салу арқылы біз ауыл шаруашылығына қажетті тіршілік нәрін тиімді пайдалана аламыз.
Энергетикалық нысанның су қоры мол «Қамбар ата» қоймасында салынуы бекер емес. Ең алдымен, ол 3 елге де жақын шекаралық өңірде тұр. Ал Қырғызстанда тіршілік нәрі жеткілікті. Көршіміздегі энергетикалық баланстың басым бөлігі гидростанциялар есебінен өтеледі. Соған қарамастан кейде электр энергиясы жетіспейтін кездер болады. Мұндай жағдайда тапшылықты Орталық Азияның бірыңғай электр жүйесіне қосылған Қазақстан мен Өзбекстан өтеп береді.
Ералы Шынасылов, «KEGOC» АҚ жүйелік операторы диспетчерлік орталығының директоры:
- Бұл жобаның тиімді тұстары көп. Бізде Қазақстанның оңтүстігінде электр энергиясының тапшылығы бар. Қамбарата ГЭС-інің құрылысының арқасында пайда болатын қосымша қуат сол тапшылықты азайтады. Өйткені еліміздің Оңтүстігінде энергия тұтыну жылына 5-7%-ке артып жатыр. Жақын арада онда басқа электр станциясы салынбайды. Сондықтан бұл гидроэлектр станция сұранысты өтеп, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Жобаның толыққанды жүзеге асатын уақыты белгісіз. Тараптар келіссөздің нақты нәтижесін айтуға асығар емес. Мәселе тағы қаржыға кеп тірелуі де ықтимал. Дегенмен станцияның аймақтағы мемлекеттер үшін қажеттігі қазірден байқалып отыр. Жыл сайын қайталанатын электр қуаты мен суға деген тапшылық бүйірден қысып барады. Бауырлас мемлекеттер мәселені бірлесіп шешуге ниетті. Бұл бағытта жұмысты жүйелейтін жол картасы мен хаттамаларға қол қойылды.
Авторы: Рауан Мыңбаев.