NASA Айдың қазба байлығын игереді. Шартарап

Адам баласының қызығушылығы ғарышқа ауды.

Өйткені жаһандық мәселелерді шешуде маңызы зор. Мәселен, байланыс, геология, ауыл шаруашылығы, қорғаныс пен қауіпсіздік сияқты түрлі салалардағы түйткілдер шешімін тауып, мемлекеттердің дамуына септігін тигізіп жатыр.

Шеті мен шегі жоқ кеңістіктен адамзат баласы тағы қандай пайда көре алады?

Расымен де, ғарыштық құралдарды пайдаланудың өзектілігі бүгінде өте жоғары. Тіпті Айда жатқан қазба байлықтарын игеру бойынша жұмыстар қолға алынып жатыр.

 

Аспан әлемінің 3D картасы жасалады

Ғарышты игеру бүгінде өркениетті әлемнің басты мәселесіне айналғаны анық. Бұл сала – Жер шарындағы экономикалық дамудың, адамзатқа қажетті түрлі игіліктерді жүзеге асырудың маңызды тетігі. Қазір орбитаға зымыран ұшыру үйреншікті нәрсеге айналған. Тіпті өзге ғаламшарларды телескоп арқылы бақылайтын кезеңге де жеттік. Сөзімізге дәлел болсын, жуырда Еуропаның ғарыш агенттігі «Евклид» жобасы аясында талай жылдан бері құпиясы ашылмай келе жатқан қара материя мен қара энергияны зерттеу үшін ғаламның шексіз кеңістігіне телескоп жіберді. Оны SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыраны алып ұшты. Енді әлгі телескоптың  көмегімен жоба жетекшілері 2 миллиард галактиканы қамтитын аспан әлемінің 3D картасын әзірлеуді жоспарлап отыр. Ғалымдардың айтуынша, бұл ғаламның қалай дамығаны туралы тың деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Андреас Рудольф, экипаж жетекшісі:

- Астрономдар көзбен көре алмайтын дүниенің бәрін «қара» деп атайды. Негізінен қара энергия мен материя жарықты сіңірмейді және шағылыстырмайды. Олар жарық арқылы өтеді. Дегенмен қара энергия мен материя тартылыс күші арқылы жарықпен байланысады. Жалпы біз жарықтың бір бөлігін көре аламыз. Линзамен қарағандай ғой. Сондықтан телескоп бұл кеңістікті дәлме-дәл өлшеуі керек.

«Евклид» телескопы 10 миллиард қашықтыққа дейін зерттей алады. Бірақ бұның өзі NASA ғалымдарына аздық етіп отырған сыңайлы. Сондықтан 2027 жылы америкалық мамандар Евклидке көмек ретінде тағы бір ғарыш телескобын аттандыруды жоспарлап отыр. «Роман» деп аталатын құрылғы ғаламның ұлғаю процесін зерттейді.

 

Гравитациялық толқынның жаңа түрі табылды

Өз кезегінде ғарышты зерттеумен айналысатын тағы бір топ ғалым гравитациялық толқынның жаңа түрін тапты. Болжам бойынша, ол ірі көлемдегі «қара құрдымдардың» бірігуінен пайда болады. Мамандардың айтуынша, бұл жаңалық заманауи астрономия саласындағы ең үлкен жетістіктердің бірі болуы мүмкін. Өйткені ол Альберт Эйнштейннің тартылыс күші турасындағы теориясы қаншалықты дұрыс не бұрыс екенін анықтауға жол ашады. Сонымен қатар жаңа ғаламшарлардың қалай пайда болатынын білуге мүмкіндік береді, - дейді ғалымдар.

Марк Камионковски, Джонс Хопкинс университетінің физика және астрономия профессоры:

- Бұл жаңалық қара құрдымдардың эволюциясын түсінуге мүмкіндік береді. Әзірге біз осындай толқынның барын ғана білеміз. Алдағы уақытта көбірек мағлұмат жинай аламыз деп сенемін. Болашақта түрлі қара құрдымдардың қандай жылдамдықпен қосылатынын, олар ғаламда қалай орналасқанын білетін боламыз.

 

NASA айдың қазба байлығын игереді

Ғарышқа сапар жасау адамзат баласының жай ермегі емес, бұл – ақпараттық ғасыр дәуірінде аса маңызды сала. Себебі ғарыш қызметін дамыту арқылы экономиканың көптеген саласына тың серпін беруге болатынына көз жетті. Ай – соның айқын айғағы. Өйткені онда қазба байлықтардың бары анықталды. NASA-ның жоспары бойынша, ол алдағы онжылдықта толыққанды игеріле бастайды. Қазір Айға бұрғылау қондырғыларын жеткізу жағы қарастырылып жатыр. Мамандардың айтуынша, Айда темір кен орнындары көп. Сонымен қатар жер бетінде сирек кездесетін металл түрлері де жеткілікті екен. Есеп бойынша Ай астындағы байлықтың көлемі миллиардтаған долларға бағаланады. Сондықтан көп ұзамай, осы салаға ауқымды инвестиция тарту көзделген.