Елдер жаһандық жылынудың зардабын тартып отыр
Әдетте шіліңгір шілдеде тіркелетін 48 градустық рекорд биыл маусым айында болып кетті.
Синоптиктердің айтуынша, бұл ыстықтың тек бастамасы ғана.
Маусым айы АҚШ-та өте ыстық көрсеткіштермен есте қалды. Цельсий шкаласы бойынша, ауа температурасы 38 градусқа жетті. Әсіресе, аптап Техас тұрғындарын қатты қажытты. 62 млн адам аман қалудың бар амалын жасады. Мұхиттың ар жағындағы ыстық біздің елмен бірдей еместігі осындайда байқалды - тұрғындар желдеткішсіз отыра алмай, электр энергиясын тұтыну рекордтық деңгейге жетті. Ал, ғалымдардың айтуынша, жаздың алғашқы аптасының бұлай басталуы "ауытқу", адам әрекетінен туындаған климаттық өзгерістердің нәтижесі.
Эндрю Кручкевич, Колумбия Университетінің ғылыми қызметкері:
- Біз ауа райының күрт өзгеруі туралы көп естиміз. Бірақ осы жолғы ыстық ерекше. Елдің оңтүстік және оңтүстік-батысында демалудың өзі қиындап кетті. Ыстықтан орман жанып, өрттерден ауа ластанды. Жаздың осылай басталуы қалыпты құбылыс емес.
Көршілес Мексикада да маусымдағы жағдай мәз емес. Елдің солтүстігінде температура 38 градустан асты. Бұл әсіресе далада қызмет көрсететіндерге ауыр тиді. Қауіпсіздік мақсатында тіпті бірнеше реттік үзіліспен еңбек етуге рұқсат берілді. Қалаларда шұғыл көмек көрсету үшін дәрігерлер бригадаларының кезекшілігі енгізілді.
Маусым айы осы материктегі Канада үшін де оңай болмады. Ел тарихындағы ең сұмдық өрт тіркелді. Қызыл жалын 75 мың гектарға жуық орманды күлге айналдырды. Ал синоптиктер жаз біткенше өрт қаупі сейілмейтінін айтады. Көк түтін Канада, АҚШ-ты басып, Батыс Еуропаға дейін жетті. Атмосферада жылдам қозғалатын ауа массалары арқылы ол Атлант мұхитынан асып өткен.
Құрғақшылықтың салдарын тартып отырған тағы бір ел - Испания. Севилья және Кордова қалаларында температура маусым айының соңына қарай 44 градусқа дейін көтерілді. Салдарынан ауыл шаруашылығы қызметкері қайтыс болған. Бұл Пиреней түбегі, қазір Еуропадағы ең құрғақ аймақ саналады.
Хуан Де Диос Дель пино Корредера, метеорологиялық агенттіктің өкілі:
- Біз 44 градустан жоғары температураны қызыл деңгей деп санаймыз. Термометр бағаны тұрақты түрде 40 градустан жоғары болды. Түнде температура 25 градустан төмен түспеді.
Маусым айында Қытай, Үндістан, Ұлыбритания және Германия тұрғындары да әбігерге түсті. Сауд Арабиясында 48 градус температурада мұсылмандар қажылық жасады. Ғалымдардың пікірінше, планетадағы орташа көрсеткіш күн санап, арта береді. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның сарапшылары әр түрлі елде жылудың қалыптан тыс жағдайлары бұдан да жиілейді, дейді.
Сымбат Ғалымжанқызы