Жапония «Фукусима» суын мұхитқа ағызады
Осыдан 12 жыл бұрын үлкен қауіп төндірген «Фукусима» әлемді тағы шошытып отыр.
Жапония билігі атом электр станциясындағы суды мұхитқа ағызбақ.
МАГАТЭ басшысы бүгін күншығыс еліне барып, бұл істің дұрыс-бұрыстығын тексерген.
МАГАТЭ басшысы Жапон билігіне рұқсатын берді. Бірақ бұл қадам күншығыс елінің көршілері мен Тынық мұхитындағы басқа мемлекеттердің тарапынан қарсылық тудырып отыр.
Негізі МАГАТЭ-нің бұл тексерісі 2 жыл бұрын басталған. Бүгін соның нәтижесі алғаш рет айтылды. Оны жария етуге Жапония билігінің жоспары себеп болған. МАГАТЭ құрған жұмыс тобына 11 елден жиналған ядролық қауіпсіздік саласының ең үздік мамандары кірген. Олар атом электр станциясындағы су қауіпсіз деген түпкілікті шешім шығарды. МАГАТЭ сондықтан мұхитқа төгуге рұқсатын берді.
Рафаэль Мариано Гросси, МАГАТЭ бас директоры:
- МАГАТЭ аясында құрылған жұмыс тобының тексерісінен кейін Жапония ұсынған жоспар жіті талқыланды, жан-жақты қаралды және халықаралық стандарттарға сәйкес келеді деген шешім шығарылды.
Су 1 мың қоймада сақталған. Жалпы көлемі - 1 миллион 37 мың тонна. Мамандар жиналған сумен 500 олимпиадалық бассейнді толтыруға болады дейді. Оны мұхитқа ағызу жақын арада басталып, бұл үдеріс кемінде 30 жылға созылуы мүмкін.
Бірақ бұл жоспармен Жапониямен мұхит арқылы шектесетін Қытай келіспейді. Бейжің Токиодан суды ағызудан бас тартуды талап етіп отыр. Олар су радиоактивті заттардан әлі толық тазарған жоқ, құрамында тритий болуы мүмкін деп есептейді.
Ву Жингао, Қытайдың Жапониядағы елшісі:
- Мұндай ұзақ үдерісті кім бақылайды? Мониторингтің өтірік жүргізілмейтініне кім кепілдік береді? Бұл мәселелердің ешқайсысына тиянақты жауап жоқ. Біздің өтінішіміз өте қарапайым - Жапония мұхитқа су ағызуды тоқтатуы тиіс. Барлық тараппен келісілген, ғылыми негізделген, қауіпсіз және ашық әдіс қажет.
Жапония Біріккен Ұлттар Ұйымының Теңіз құқығы конвенциясын мақұлдаған мемлекет. Бірақ сарапшылар ресми Токио халықаралық құжатты өрескел бұзып, суды тазартудың ең арзан және қоршаған ортаға ең зиянды жолын таңдап отыр деп айыптайды.
Кумпей Хаяси, Фукусима университетінің доценті:
- 30 жыл деген өте ұзақ уақыт. Бұл уақыт ішінде суды ағызуға жауапты құрал-жабдықтан ескіріп қалуы мүмкін. Фукусмиманың халқы мен балықшылары суды мұхитқа ағызуға қарсы. Жұмысты бастамас бұрын әлі де жан-жақты кеңескен дұрыс.
Гао Чжиго, теңіз құқығы қоғамының президенті:
- Біріккен Ұлттар Ұйымы Теңіз құқығы жөніндегі конвенцияның 192 бабы мемлекеттерді теңіз ортасында сақтауға және қорғауға міндеттейді. Ал 195 бабы мұхит суына ешқандай залал келтірмеуге үндейді. 210-шы бапқа сәйкес, су арқылы шексететін мемлекеттер кез келген іс-әрекетті ортақ келісім бойынша жасау керек. Жапония осы ережелерді бұлжытпай ұстануға тиіс. Егер болашақта мұхитқа төгілген судан қоршаған ортаға, экологияға, экономикаға және адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келсе, Жапония өтемақы төлеуге міндетті болады.
Оңтүстік Кореяда жұрт балық сатып алуға қорқады
Жапонияның жоспары көршілес Оңтүстік Кореяны әлден дүрліктіріп жатыр. Халық балық сатып алуға қорқады. Осыған байланысты теңіз өнімдерінің бағасы күрт төмендеді. Ресми Сеул судағы радиация деңгейіне жасалатын бақылауды күшейтінін мәлімдеді. Осыдан кейін радиация детекторлары 2 есе қымбаттап кеткен.
Ли Куон Хи, балықшы:
- Мұхитқа ағызатын су зиянсыз деп жатыр. Бірақ оған біз сенбейміз. Балық кәсібі құрдымға кетіп жатыр. 30 жылдан бері балық сатамын. Енді шығынға белшеден батып қалдық.
Осындай қарсылықтарға қарамастан, Жапонияның премьер-министрі Фумио Кисида "Халықаралық қауымдастықтың жауапты көшбасшысы ретінде адамның денсаулығына және Жапонияның, бүкіл әлемнің қоршаған ортасына ешқандай зиян келмейтініне сендіріп отыр. Ол "Біз жапон халқына және халықаралық қауымдастыққа ғылыми және ашық ақпарат беріп отырамыз" деп уәдені үйіп-төгуде. Бұл мәселенің әрі қарай қалай өрбитінін уақыт көрсетеді.