Израиль Палестинада әскери операция жүргізді
Сарапшылар Израиль әскерінің шабуылын терроризмге қарсы соңғы 20 жылда болған ең ірі операция деді.
Сөйтіп, Палестинаның Дженин қаласын жермен-жексен етті. Тұрғын үйлер қирап, көліктер өртенді. Қазір бірнеше ауданда жарық пен су жоқ. 13 палестиналық ажал құшып, жүзге жуығы жараланды. "Қызыл Жарты ай" ұйымының мәліметі бойынша, қаладан 3 мыңдай адам көшірілген. Зардап шеккендер үшін көмек беру орталықтары құрылып, тамақ пен дәрі-дәрмек беріліп жатыр. Палестина билігі Израиль әскері ауруханаларды да бомбалағанын айтады. Палестина халықаралық қауымдастықтан көмек сұрады.
Май Әл-Кайла, Палестинаның денсаулық сақтау министрі:
- Басқыншы күштердің жедел жәрдем көліктерін де атқылап, дәрігерлердің жұмысына кедергі келтіргеніне бүкіл әлем куә болды. Шабуыл салдарынан Дженин мен оның аймағындағы елдімекендерде су, электр желілері мен кәріз жүйесі істен шықты. Бұл үлкен қасірет!
Дүйсенбіге қараған түні алдымен дронмен атқылап, кейін қалаға жүздеген сарбаз бен ауыр техника кірді. Еврей билігі Дженин өз азаматтарына шабуыл жасайтын және зымыранмен атқылайтын лаңкестердің ошағына айналды деп айыптайды. Осыған қарымта ретінде ЦАХАЛ палестиналық жасақтың инфрақұрылымы мен оқдәрі сақталған қойма-зертханаларын талқандағанын айтады. Бомба жасауға арналған химикаттар тәркіленген. Сондай-ақ 300 күдікті тергеу алынып, 30-ы қамалды. Операция кезінде 1 еврей сарбазы қаза тапты. Ал осының алдында Тель-Авивте жүргізуші автобус аялдамасын көлікпен соғып, кейін тұрғындарға пышақ ала ұмтылған. Ол палестиналық болып шықты.
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
- Мұндай шабуылдар терроризммен күресті жүргізуге кедергі жасай алмайды. Бұлай ойлайтындар Израиль мемлекетінің рухын, біздің үкіметтің, біздің азаматтар мен әскеріміздің қуатын түсінбейді деген сөз. Көптеген қойманы жойған сарбаздарымызға алғысым шексіз. Олар болашақта жасалуы мүмкін шабуылдардың алдын алды. Джениндегі операция соңы емес. Лаңкестікті түбірімен құртқанша, жалғастыра береміз.
22 араб мемлекетін біріктіретін Лига Мысыр астанасы Каирде шұғыл отырыс өткізіп, Джениндегі Израиль шабуылын айыптады. Бауырлас елдер бірауыздан "Палестина мәселесі араб елдері үшін өте өзекті" деп мәлімдеді. Жиналғандар 1967 жылғы шекара аумағында тәуелсіз Палестина мемлекетін құруға және Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне қабылдауға шақырған бірлескен мәлімдеме жариялады.
Мохамед Орфи, Мысырдың Араб лигасындағы өкілі:
- Жаңа ауыр қылмыс жасалып, палестиналықтардың қаны тағы төгіліп жатыр. Аймақтағы тұрақтылыққа қауіп төніп тұр. Израиль соғыс құралдарымен Дженинді аяусыз қиратып жатыр. Бұл бейбіт бітімге келу мүмкіндігін азайтады.
БҰҰ қақтығысты дереу тоқтатуға шақырды
Біріккен Ұлттар Ұйымы да алаңдаушылық білдіріп, шұғыл мәлімдеме жасады.
Фархан Хак, БҰҰ Бас хатшысы ресми өкілінің орынбасары:
- Таяу Шығыстағы жағдайды бейбіт реттеу жөніндегі арнайы үйлестіруші Тор Веннесланд басып алынған Батыс жағадағы жағдайдың өте қауіпті екендігін және барған сайын ушығып бара жатқанын ескертті. Израиль әскерінің қолынан бейбіт тұрғындар қаза тапқан және жараланған. Қандай жағдай болмасын, бейбіт тұрғындардың өмірін сақтау қажет. Қақтығысты дереу реттеп, Дженинге гуманитарлық көмек жеткізуге мүмкіндік жасау керек.
Израиль 2 күнге созылған операциясын аяқтағанымен, Таяу Шығыста жағдай оңалған жоқ. Қарсыластар бір-бірін оқтын-оқтын зымыранмен атқылап жатыр. Сондықтан мұның арты қалай боларын тап басып айту қиын.