Кореяда педиатрлар жетіспейді
Оңтүстік Кореяда педиатрлар тапшы.
Бұл мамандыққа деген қызығушылық кейінгі кездері қатты төмендеп кеткен. Бұған не себеп?
Оңтүстік Корея Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, биыл педиатр мамандарын дайындау көрсеткіші 16,3 пайызға кеміді. Өйткені адамдар бұл мамандықтың болашағына сенуден қалған. Ал оның себебі - елде бала туу көрсеткіші былтыр 0,78 пайызға құлдыраған.
Ли Жу-Ил, медицина профессоры:
- Біздің елде бала туудың төмендеуіне қарсы күреске қыруар қаржы шығындалып жатыр. Бұл ақшаның біраз бөлігін педиатрияға бөлу қажет. Жақсы жағдай жасалса, бала тууға деген ынта артады.
Мұның зардабын халық тартып жатыр. Мәселен, мамыр айында Сеулде 5 жастағы баланың тамағы қатты қабынып, дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетілмей, көз жұмды.
Ли Бо-Ми, науқас баланың анасы:
- Баламды ауруханаға жатқызу үшін 2 апта күтуге тура келді. Себебі кезек өте көп. Қатты үрейлендім. Ұлыма шұғыл көмек қажет еді.
Чой Йоң-Жи, балалар ауруханалары қауымдастығының вице-президенті:
- Науқастар мезгілсіз өліп жатыр. Көбінің ауруы асқынбаған да. Тек уақытылы ауруханаға жатқызылмай, жан тапсырған.
Дәрігерлер мұндай қайғылы жағдайлар енді көбейеді деп қауіптенеді. Сондықтан педиатрлардың билікке деген өкпесі қара қазандай. Олар "Үкімет балаларды емдеу ісіндегі мәселелерге жеткілікті назар аудармай отыр" деп айыптайды. Жағдайды реттеу үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлу қажет.
Лим Хиун-Так, балалар ауруханалары қауымдастығының президенті:
- Басқа елдің үкіметтері балалар ауруханасында күніне 20 науқас қабылдауға жағдай жасап қойған және ол үшін өте қомақты ақша төлейді. Ал Оңтүстік Кореяда күніне 80 науқас келеді, ал табыс әр ем үшін 10 доллардан аспайды.
Арнайы сауалнама 23 дәрігерлік мамандықтың арасында педиатрлардың ең төмен жалақыны алатынын көрсетті. Балалар емханаларының 90 пайызы жабылып қалған. Ал құзырлы министрлік қолдан келгенді жасап жатырмыз деп ақталып әлек.
Ернат Мелсұлы