Испанияда «Сан-Фермин» мерекесі басталды
Әлемнің әр түкпірінен 3 млн-нан астам туристі тартатын әйгілі Сан-Фермин мерекесі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Испандықтар 9 күн тойлайтын бұл мерекеге қатысты дау жыл сайын ушығып отырады. Қоғамның бір бөлігі бұқамен айқасты нағыз спорт, ұлттық төл өнер деп бағаласа, жануарларды қорғау ұйымдары көне фестивальдің көзін жойғысы келеді.
Мадрид әуежайы құмырсқаның илеуін еске түсіреді, статистикалық мәлімет көрсеткендей, бір тәуліктің өзінде Мадридтегі «Барахас» әуежайы бір млн-нан астам жолаушыға қызмет көрсеткен. Ұшып-қону айлағында 1214 рейс жасалды. Мұның бәрі Испанияның Памплона қаласындағы Сан-Фермин мерекесімен тығыз байланысты. Ең көне, адреналинге толы әрі өте қауіпті мейрамды испандықтар 9 күн бойы тойлайды. Испания дегенде коррида қатар еске түседі, жыл сайын осы мерекеге қатысты дау ушығып отырғанымен, биыл да бұл мереке сән-салтанатымен басталды.
Лаура, мерекеге қатысушы:
- Бұл мейрамды испан мәдениетінің ең жарқын элементі деп бағалар едім, бұл фестивальде біздің ұлттық мінезіміз бен дәстүріміз жатыр.
Десе де Сан-Фермин фестивалі қарсаңында жануарларды қорғау ұйымдары жыл сайын қарсылық акцияларын ұйымдастырады. Коррида кезінде бұқа мен матадордың жекпе-жегі көп жағдайда ауыр жарақат, тіпті өліммен аяқталып отырады, - дейді ұйым белсенділері. Дәл осы мейрамға қатысты қайғылы оқиға 1924 жылы тіркелген. Бұқа қуған сәтте 13 қатысушы оқиға орнында мерт болып, 200 адам жараланған.
Лусия, белсенді:
- Коррида – бұл біздің ескі әрі ұят тарихымыз. Біз бұл мерекеге қарсымыз, бұл – жабайылықтың белгісі. Жануарды бұлай қорлауға біздің құқымыз жоқ. Испанияның барлық аймағында бұл мерекені тоқтатуға күш салуымыз керек.
Мың жылдық тарихы бар көне мереке, корриданы ресми тойлауға 2012 жылы Испан билігі тыйым сала бастады. Айталық, Канар аралдары мен Каталония аймағында бұл мереке мүлдем атап өтілмейді. Дей тұрғанмен Испанияның солтүстік өңірі Сан-Ферминнен бас тартқан емес. Жыл сайын бір мерекенің өзі 3 млн-нан астам туристі тартып, қазынаға мол қаражат түсіп отыр, - дейді шара ұйымдастырушылар.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач.