Өзбекстанда президенттік сайлау аяқталды
Дауыс берген азаматтар саны тиісті межеден асып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сондықтан саяси науқан ресми түрде өтті деп жарияланды. Алдын-ала қорытындысы ертең белгілі болады.
Еске салайық, кандидаттар тізімінде қазіргі президенттен бөлек, 2 партия жетекшісі мен жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы бар. Бұл жолы жеңіске жеткен үміткер елді 2030 жылға дейін басқара алады. Кейін тағы бір мерзімге қалу мүмкіндігі бар. Кезектен тыс сайлауға таяуда өткен конституциялық референдум түрткі болды. Ондағы өзгерістерді халықтың 90%-і қолдаған. Ең әуелі президенттің өкілеттілік мерзімі нөлге теңестіріліп, қайта сайлануына мүмкіндік берілді.
Сергей Лебедев, ТМД Бас хатшысы:
- Халықаралық ұйымдар мен байқаушылар тарапынан дауыс беру процесіне қатысты сын-ескертпелер жоқ деуге болады. Сайлаушылардың көбі таңдауын жасады. Біздің ұйымнан 160-тан аса байқаушы жүрді. Айтпақшы, Өзбекстандағы сайлауда бірыңғай электронды жүйе қолданылды. Ол кез келген дауыс берушінінің аты-жөнін жалпы тізімнен табуға көмектесті.