Шавкат Мирзиёев 87,05% дауыс жинады
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің өкілеттілік мерзімі ұзартылды.
Енді ол елді 2030 жылға дейін басқара алады. Орталық сайлау комиссиясы саяси науқанның алдын ала қорытындысын жариялады. Соған сай қазіргі президент Шавкат Мирзиёевке сайлаушылардың 87,05 проценті дауыс берген. Саяси шара жайлы көрші елдегі тілшіміз Рауан Мыңбаев бізге тікелей эфирде баяндап беруге дайын. Рауан қайырлы күн! Орталық сайлау комиссиясы тағы қандай деректерді жариялады?
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Өзбекстанда президенттік сайлау жексенбі таңғы 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасты. Ел бойынша 10 мың 800-ге жуық учаске жұмыс істеді. Республика ғана емес, Ресейдегі сайлау учаскесіне барған Өзбекстан азаматтарының санында шек болмады. Көбі сол елде жұмыс істеп, нәпақа тауып жүрген еңбек мигранттары. Жалпы көршімізде сайлаушылар саны 19 млн 400 мың адамды құраса, соның 80 пайызы президенттік додаға қатысып, дауыс берген.
Зайниддин Низамқожаев, Өзбекстан орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Алдын ала есептеулер бойынша Өзбекстан президентінің сайлауында қазіргі мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёев жеңіске жетті. Оған сайлаушылардың 87,05 проценті дауыс берді. Заң талаптарына сай 50 пайыздан көп қолдауға ие болған кандидат мемлекет басшысы атанады. Қазіргі президент осы межеден асып отыр. Саяси мандаты 7 жылға ұзарған Шавкат Мирзиёев әуел бастан негізгі кандидат саналды. Ол елде ең ірі либералды-демократиялық партия атынан сынға түсті. Сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік, соның ішінде мектептегі орындар санын арттыру, азаматтардың кірісін көбейту сынды мәселелерге басымдық берді. Нәтижесінде саяси мансабында үшінші рет қатысып отырған бәсекеде жеңіске жетті. Тізімдегі жалғыз әйел кандидат, «Әділет» партиясының өкілі Робахон Махмұдова 4,43 пайыз дауыс жинады. Оппозициялық «Халық демократиялық» партиясының үміткері Ұлықбек Иноятовты халықтың 4,02, ал «Экология» партиясының өкілі Әбдішүкір Хамзаевты 3,74 проценті қолдады. Сәйкесінше олар саяси доданы үшінші және төртінші орынмен аяқтады.