Шанхайда жасанды интеллект бойынша дүниежүзілік конференция өтті
Ақылды роботтар адамды алмастыра ала ма?
Қытайдың Шанхай қаласында жасанды интеллект бойынша дүниежүзілік конференция өтті. Айтулы шараға 400-ден астам копания қатысты. Бәрі көпшілікке өздерінің жаңа өнімдерін таныстырды.
Бұл – GR-1 деп аталатын адам тәрізді робот. Биылдан бастап жаппай сатылымға шығатын әлемдегі алғашқы құлтемір. Жоба авторларының айтуынша, жыл соңына 100 робот жасау жоспарланған.
Зен Кох, стартап құрылтайшысы:
- Алдағы уақытта GR-1 түрлі салада адамдарға көмегін тигізе алады деп үміттенеміз. Өйткені отырып, тұрады. Жүгіре алады. Мысалы, егде жастағы кісілерге көмекші болуға әбден жарайды.
Көрмеде көпшіліктің назарына тағы бір ерекше жоба таныстырылды. Ол – ит тәрізді төртаяқты робот. Құрастырушы компания негізінен тек төртаяқты роботтар жасауға басымдық берген. Өйткені мұндай роботтар ауыр жүк көтеруге әлдеқайда икемдірек келеді екен.
Цянь Сяоюй, маркетинг жөніндегі менеджер:
- Патрульдік тексерулерден бөлек, біз бұл роботтарды апаттық-құтқару, жұмыстарында, өрт кезінде қолдану жағын да қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар ауаға зиянды заттар таралған кездерде қаншалықты тиімді болатыны анықталып жатыр.
Шанхайда робот құрастыру саласы бүгінде кәдімгідей қарқын алған. Мыңнан астам компания жұмыс істейді. Жасанды интеллектімен айналысатын мамандар саны да жыл сайын артып келіді. Болжам бойынша, 2025 жылға қарай алып шаһарда жасанды ақыл индустриясы 60 миллиард долларға дейін табыс әкеледі. Бұл қазіргі көрсеткіштен 2 есе көп.