Қымбатшылық әлемді жайлап алды. Шартарап
Бұл әсіресе жалақысы ішкен-жегенінен артылмайтын қарапайым отбасылар үшін сынақ болып тұр.
Тіпті құдайдың берген баласын көпсініп жатқандар да бар.
Сөйтіп, қымбатшылық жайлаған елдер қайсы? Мұның арты неге апарып соғуы мүмкін.
Бірінші кезекте Мысырды айтуға болады. Бұл елде жылдық инфляция 35%-тен асқан. Түркия мен Германияны да қымбатшылық жайлады.
Экономика & демография
Экономиканың кері кетуі, инфляцияның артуы әлемде әр елге әртүрлі әсер етіп жатыр. Мысалы, Қытай экономикасының тежелуі мен қымбатшылық бала тууға кедергі келтіріп жатыр. Мамандар демография мен экономика өзара тығыз байланысты дейді. Адам саны кеміген сайын елдің әлеуеті де төмендей бермек.
Йи Фусян, Уисконсин-Мадисон университетінің демограф-ғалымы:
- Қытайдың экономикалық өсімі төмендей береді. Бұл демографиялық жағдайға тікелей ықпал етпек. Материалдық жағдайы құлдыраған адамдар бала асырауға құлықсыз келеді. Қытайдың демографиялық көрсеткіштері 2031-35 жылдарға қарай тіптен нашарлайды. Тиісінше еңбек нарығында жұмыс күші азаяды. Жұмыссыздық деңгейі артады. Зейнеткерлікке шығу жасын 50-60 жастан 65-70 жасқа дейін көтеру мәселесі туады. Мұның соңы наразылық пен әлеуметтік қақтығысқа әкелуі мүмкін.
Адамның көбейгені инфляция туғызды
Ал АҚШ-та инфляцияны керісінше демографиялық өсім тудырып отыр. Осы ел бойынша ең жоғары қымбатшылық Флорида штатының Майами, Форт-Лодердейл, Уест-Палм-Бич қалаларында тіркелді. Бұл шаһарларда тұратын халық саны 2,5 миллион адамнан асады. Соңғы 12 айдағы инфляция деңгейі 9%-ке көтерілген. Адам көбейген сайын баспанасы бағасы да өскен. Қазір үйді жалдау да, сату да қымбат, - дейді Статистика бюросы.
Инфляция бизнесті тығырыққа тіреді
Инфляциядан бизнес зардап шегіп жатыр. Австралиядағы тамақ кәсібі тығырыққа тірелді. Жасыл құрлықтағы дәмхана бизнесінің ақша айналымы 7 миллиард долларға жуықтап, осы сала бойынша әлемде Еуропадан кейін екінші орында тұрған болатын. Соңғы кездері елде коммуналдық төлемдер, тауарлар бағасы мен кез келген нәрсені жалдау ақысы қымбаттады. Адамдар арнайы жерге барып тамақтануды күрт азайтқан.
Францеска Гиглио, дәмхана иесі:
- Ешқандай пайда түсіп жатқан жоқ. Шығынның өзін өтей алмай жатырмын. Елді жаппай қымбатшылық жайлаған соң бағаны көтеруге мәжбүрмін. Бірақ келушілер саны күрт кеміді. Салық, жалақы мен зейнетақы төлемдерін аудару қиын.
Қымбатшылық қыспаққа алып жатыр
Қымбатшылық Түркия тұрғындарын да қыспаққа алды. Тауарлар мен қызмет көрсетуге салынатын қосымша құн салығы 2 тармақ бойынша 10 және 18%-ке өсті. Елде жанармай, дизель отыны мен сұйылтылған газ бағасы көтерілді. Сарапшылар тұрғындардың арасында наразылық артып келеді дейді.
Азық-түлік 64,9%-ке қымбаттады
Мысырда қымбатшылық деңгейі рекордты көрсеткішке жетті. Инфляция былтырғы кезеңмен салыстырғанда 14,7%-ке жоғары. Ал азық-түлік бағасы 1 жылдың ішінде 64,9%-ке көтерілген. Жергілікті фунт бұрын-соңды болмаған межеге құлдырап, жарты құнын жоғалтты. Мысыр өткен жылдың аяғында Дүниежүзілік валюта қорынан 3 миллиард доллар көлемінде көмек алған болатын. Бірақ одан елдегі жағдай әлі түзеле қойған жоқ.
Германияны да қымбатшылық жайлады
Инфляция дамыған елдерді де қыспаққа алып жатыр. Еуропадағы ең қуатты экономикаға ие Германияда маусымдағы инфляция 6,4%-ке көтерілді. Азық-түлік өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,7%-ке қымбаттаған. Сарапшылар қымбатшылық жергілікті тұрғындарды қатты алаңдатып отыр дейді.