Әскери қақтығыс ошақтарында аштық өткір сезіледі
Әлемнің 58 елінде 735 миллионға жуық тұрғын аштықта өмір сүріп жатыр.
Азық-түлік дағдарысы әсіресе әскери қақтығыс ошақтарында өткір сезіледі. Ал Біріккен Ұлттар ұйымы осындай деректерді жариялап, дабыл қағып отыр. Қара суға зар болған халық қалай күнелтуі тиіс?
Бұл эфиопиялық балақай Циге Шишай. 10 жасында салмағы бар болғаны 10 келідей. Балақай ас-су ішпейтін болған, себебі асқазаны қорыта алмайды. Елдің солтүстігіндегі Тыграй аймағында көпжылдық соғыстың салдарынан тағам тапшылығы мәселесі өткір тұр. Қазір жергілікті ауруханада Циге сияқты 118 адам өлім аузында жатыр.
Циге Асмелаш Шишай, баланың әкесі:
- Біз сүт, сорпа сияқты сұйық тағамдарды беруге тырыстық. Бірақ, қызым тамақ ішуден мүлдем бас тартты. Мұндай халге түсірген аштық. Қаншама ай бойы біз қара сумен күн көрдік.
Эфиопия сияқты аштық қаупі орнаған алғашқы бестікте Судан, Буркина-Фасо, Гаити мен Мали елдері бар. БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы мен Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының біріккен зерттеуінде, әлемнің 18 "ыстық нүктесінде" әскери қақтығыс салдарынан аштық қаупі артады деген болжам айтылды.
Марко Санчес Кантильо, БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының өкілі:
- 2022 жылы әлемде 700 млн-нан астам адам аштыққа тап болды. Бұл пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 122 миллион адамға көп. Өкініштісі, әскери қақтығыстар тоқтамай, бұл сандарды азайту мүмкін емес.
Эфиопия, Тыграй
2019 жылдан бері 4 жылда аштыққа ұшырағандар саны 100 млн адамға көбейіпті. Әсіресе, Африкада әр бесінші тұрғын қара суға зәру. Бұл мәселе оң шешімін таппаса, БҰҰ-ның 2030 жылға дейін ашаршылықты жою жоспары іске аспай қалары анық.
Сымбат Ғалымжанқызы