Түркия орман өртімен күресіп жатыр
Түркияда аптап ыстық апшыны қуырып барады.
Тым жоғары ауа температурасынан орман өрті өршіп тұр. Елдің төрт бірдей провинциясы кешелі бері тілсіз жаумен күресіп жатыр. Алайда Адана, Хатайдың Белен, Мерсиннің Гүлнар және Чанаккаленің Кызыкечели аудандарында өртті сөндіру мүмкін болмай тұр.
Шіліңгір шілденің ыстығы Түркия ормандарына қауіп төндіріп тұр. Қазір Хатай провинциясында Орман өрті өршіп тұр. Табиғи апат салдарынан Сириямен іргелес кейбір аудандардың тұрғындары эвакуацияланып жатыр. Өрттің тұтанғанына бір тәуліктен асса да тілсіз жауды ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Жергілікті әкімшіліктің мәліметінше, 7 үй мен 4 көлік жанып кеткен. Өртті сөндіруге 450 адам жұмылдырылды.
Ибрахим Юмаклы, ауыл шаруашылығы және орман министрі:
- Өрт болып жатқан аумақ толықтай бақылауға алынған жоқ. Бұған ауа райы тікелей әсер етіп отыр. Бұлай жалғаса берсе жағдай күрделене түсуі мүмкін. Өрттің жалпы аумағы 230 гектар болса қазір 120 гектарға дейін төмендеттік. Әзірге нақты кесіп айту қиын. Өртсөндірушілер барын салып жатыр.
Хатай ақпандағы жер сілкінісінен ең қатты зардап шеккен провинцияның бірі. Қазір бұл аймақ өртпен күресіп жатыр. Оқиға кеше сағат 14:00 шамасында басталған. Тұрғындар бау-бақшадағы қамысты тазалау кезінде от тұтатқан. Қураған шөп лаулап жанып өрт орман алқабына тараған. Түркияның Әділет министрінің сөзінше, 8 провинциядағы шыққан орман өртіне қатысы бар деген 7 кісі анықталды.
Али Ерликая, Ішкі істер министрі:
- Бұл өрттің шығу себебін әу бастан мұқият зерттедік. Куәгерлердің айтуынша, біздің ауданда екі адам бақшадағы қамыс алқабын тазалап, өрт шығарған. Өкінішке орай, олар шыққан алауды басқара алмады. Сот тергеуі басталып, аталған азаматтарды қамауға алу туралы шешім шығарылды.
Ауа райы болжамына сәйкес, Түркияда алдағы күндері Жерорта, Эгей және Мәрмәр теңіздері аймақтарында 40 градус температура сақталады. Ал оңтүстік-шығыс аймақтарында айдың соңына дейін сынап бағанасы 45 градусқа дейін көтеріледі. Осыған байланысты жергілікті билік тұрғындарды өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырып отыр. Айта кету керек, Түркияның бірқатар қалаларында қазан айының соңына дейін ормандық алқаптарға кіруге тыйым салынған.