Кореяда жауын салдарынан қаза тапқандар саны қырықтан асты
Оңтүстік Кореяда нөсер жауын салдарынан 40 адам қаза тауып, 9 адам із-түзсіз жоғалып кетті.
Тағы 34 адам жарақат алды. Қайтыс болғандардың дені Осонг қаласындағы жерасты туннелінде қалып қойған. Көпір маңындағы жағалаудың бір бөлігі опырылып, көліктер өтетін жерді су басқан.
900-ге жуық құтқарушы су басқан туннельде бүгін үшінші тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Әзірге олар 13 мәйітті шығарып, тоғыз адамды құтқарды. Суға батқан 16 көлік табылды. Жоғалған тағы бір адамды іздеу шаралары жалғасып жатыр. Құтқарушылар туннельден судың басым бөлігін тазартты. Чонджу қаласының өрт сөндіру бөлімінің бастығы Со Чжон Ильдің айтуынша, жер астында қалған көліктерден өзге қаза тапқандар табылған жоқ.
Cо Чжон Иль, Чхонджу қаласының өрт сөндіру қызметінің басшысы:
-Барлық аудандарда судың бір бөлігін ағыздық. Кей жерде су тереңдде жатыр. Біз қосымша дренаж жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз және егжей-тегжейлі авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге барлық құтқару қызметкерлерін тартуды жоспарлап отырмыз.
Президент Юн Сок Ель елдің оңтүстік-шығысындағы Йечон ауданына барды. Онда кемінде тоғыз адам қаза тауып, тағы сегіз адам із-түзсіз жоғалған. Ол ел үкіметі қираған аумақты қалпына келтіреді деп сендірді. Апатты жою жөніндегі кеңес отырысында мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен аудандардың басшыларын қатаң сынға алды.
Юн Сок Ёль, Корея Республикасының президенті:
- Мұндай экстремалды ауа райы оқиғалары әрқашан айналамызда болады. Біз бұл туралы ештеңе істей алмаймыз деген түсінікті бұзуымыз керек. Өткен жылдан бері біз қауіпті аймақтарға кіруді бақылау және алдын ала эвакуациялау қажеттігін бірнеше рет атап өттік, бірақ апатты жоюдың негізгі қағидалары сақталмаса, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қиынға соғады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, табиғи апат салдарынан 200-ге жуық үй мен 150-ге жуық жол бұзылған. 28500-ден астам адам жарықсыз қалды. 10 мыңнан астам адам үйлерінен көшірілді. Кореяның метеорологиялық басқармасы ертең де орталық және оңтүстік аймақтарда 20 сантиметрге дейін қосымша жауын-шашын түсуі мүмкін екенін ескертіп отыр.
Владислав Цой, Ольга Лян