Үндістанда толассыз жаңбыр соңы тасқынға ұласты

Үндістанның батысы мен солтүстігіндегі бірнеше штатта толассыз жаңбыр соңы тасқынға ұласып, көп елді мекенді су басып жатыр.

Үш адам із-түзсіз жоғалып кетті. Табиғат апатынан Гуджарат аймағындағы Джунагадх қаласы көп зардап шекті. Шаһар көшелері суға толған. Нью-Делиді басып өтетін Ямуна өзені де арнасынан асып, қаланың кей аудандары су астында қалды. Тасыған су ондаған жол мен көпірді шайып кеткен. Табиғат апатынан келген шығын көлемі анықталып жатыр.

Химанги Диведи, Джунагадх қаласының тұрғыны:

- Біздің қалада тасқын қатты болды. Жол жиегінде тұрған көліктің бәрін ағызып алып кетті. Қазір жаңбыр тоқтағанымен, аулаға жиналып қалған су белуардан келеді.

Канаданың Жаңа Шотландия штатында тасқынға байланысты төтенше жағдай жарияланды

Канаданың Жаңа Шотландия штатында да дауыл соңы толассыз жаңбырға ұласып, су тасыды. Мұнда табиғат апаты кезінде 4 адам жоғалды. Олардың арасында 2 бала бар. Ондаған жол мен 7 көпірді су шайып кетті. Бүлінген үй көп. Галифакс қаласы мен тағы 4 ауданда төтенше жағдай жарияланды. Жергілікті билік шаһарда соңғы рет мұндай жауын осыдан жарты ғасырдай бұрын жауғанын айтады.