Аптап ыстық денсаулық үшін зиян
Ауа температурасының 35 градустан асуы адам өміріне қауіпті.
Бұл туралы Пенсильвания штаты университетінің ғалымдары мәлімдеді.
EURONEWS.COM
Адам организмі дене температурасын өзі реттеп отыруға бейімделген. Теориялық тұрғыдан түсіндірсек ол сыртқы факторларға тәуелсіз. Бірақ Пенсильвания университетінің ғалымдары ыстық күннің адамға кері әсерін анықтаған. Ғылыми тәжірибеге 24 ерікті қатысты. Олар арнайы орында түрлі температуралық жағдайда бақылауда болды.
Сынап бағанасы 35 градустан асқанда адамның ішкі температурасы тоқтаусыз көтеріле бастайды. Демек ұзақ сақталатын ыстықтың адам денсаулығына зияны бар.
Зерттеу қорытындылары сынап бағанасы 31 градусқа жеткенде-ақ денсаулығы мықты жас адамның дене температурасының өзі көтеріліп ыси бастайтынын көрсетіп отыр. Бұл деректер Еуропадағы былтырғы ыстықта өлім-жітімнің неліктен көбейгенін түсіндіреді. Ол кезде кәрі құрлықта 60 мың адам көз жұмған еді. Қайғылы оқиғаның көбі Италия, Испания және Германияда тіркелді.
Джон Нэрн, ауа райын зерттеуші ғалым:
- Қазір ғаламдық температура 1980-ші жылдардағы кезеңмен салыстырғанда жоғары. Жыл сайын ми қайнатар ыстықтың қайталануы артып келеді. Сондықтан қазір әлемде ауа райы қалыпты деп айтуға келмейді.
БЛИЦ:
- Аптап ыстыққа шыдау қиын. Ал егер ол ұзақ уақытқа созылса тіпті ауыр болады. Қазір ыстықтың беті бірнеше күн қайтпайды . Климаттың өзгеруі бірден сезіледі.
Күндіз күн ысығанда демала алмай қаласың. Сондықтан ыстықтан қорғану үшін жағажайға жиі барып, суға шомыламыз.
Ал соңғы мәліметке сүйенсек кейінгі бірнеше аптада Еуропа, Азия және Солтүстік Америкада аптап ыстық бір уақытта орнаған. Калифорнияның шөлейтті даласында сынап бағанасы 53 градусқа дейін көтерілді. Ғалымдардың болжауынша биыл ауа температурасы рекордтық көрсеткішке жетіп тарихтағы ең ыстық жыл тіркелуі мүмкін.
Дәурен Ақашұлы, Сандугаш Байгуаныш