Голливудте актерлер мен сценаристердің ереуілі жалғасып жатыр
АҚШ-та сценаристер мен актерлердің ереуілі жалғасып жатыр.
Бұл соңғы 63 жылдағы осы мамандық иелерінің ең ауқымды баскөтеруі болды. Олар еңбек жағдайы жақсармайынша, жұмысқа шықпаймыз- деп отыр. Наразылық шарасы Лос-Анджелес пен Нью-Йорк секілді елдің ірі қалаларында ұйымдастырылды.
Голливудтық сценаристер мамырдың екісінде ереуіл жариялаған еді. Еңбек жағдайына байланысты наразылық білдірген оларға актерлер Гильдиясы да қосылды. Шара соңына дейін киноға түспей, жарнама науқандарына қатыспайды. 160 мың адамды біріктіретін актерлер Гильдиясы жалақының көтерілуін талап етіп отыр.
Джейсон Кравиц, актёр:
- Медициналық сақтандыру шарттары жыл сайын өзгеріп тұрады. Және оны 10 жылға ала алмайсың, тек бір жылға беріледі. Тиісті табысың болмаса, бермейді. Бұрынғы көлемде жұмыс атқарсақ та, жалақымыз көбейген емес. Әділдікті талап етіп отырмыз. Корпорациялардың табысы өскенде, айлығымыз да артуы керек.
Актерлер жасанды интеллектке де наразы. Технологиялардың арқасында бір адамның келбетін өзге кісінің бейнесінде түсіруге болады. Әртістер рұқсатсыз түрімізді қолдануы мүмкін деп те алаңдайды. Яғни бұл үшін ақы төленбейді. Сондықтан, актерлер ,,келбет ұрлығына, жол бергісі келмейді.
Дженнифер Ван Дик, актёр:
- Технологиялар - саламыздың ажырамас бөлігі. Заманнан артта қалмауымыз керек. Осыдан жиырма жыл бұрын DVD, кейін стриминг пайда болды. Ал қазір жасанды интеллект шықты. Әрине ол - жақсы құрал. Бірақ біздің, дауыстарымыз бен қимылдарымызды тегін пайдалануға болмайды. Бұл дұрыс емес.
Соңғы рет актерлер мен сценаристердің біріккен ереуілі 1960-жылы болған. Ол тұста жүз күнге жалғасып, Голливуд екі миллиард доллар мөлшерінде шығынға ұшыраған еді. Форбс басылымының мәліметінше, студиялар кәсіподақтармен тез арада келісімге келмесе, бұл жолы шығын көлемі 3 млрд долларға жетуі мүмкін.
Бекболат Тұрмаханов