Нигерде әскери төңкеріс болды
Нигерде әскери төңкеріс.
Қорғаныс және қауіпсіздік күштерінен құралған әскерилер кеше президенттің биліктен кеткенін мәлімдеді.
Қазір ол қамауда. Әскерилердің бұл әрекетін бүкіл әлем айыптап отыр. Енді мемлекетті босатып мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырып жатыр.
«Біз сіздер білетін режимнің түбіне жетеміз деп шештік». Нигер президенті Мұхаммед Базумды биліктен тайдырған әскери басшылар ұлттық телеарна арқылы осындай мәлімдеме жасады.
Амаду Абдурахман, генерал-полковник:
- Елдің қауіпсіздік жағдайы нашарлап кетті. Экономикалық һәм әлеуметтік саладағы басқару көңіл көншітпеді. Сондықтан осындай қадамға барамыз деп ұйғардық.
Бас көтерген әскерилердің айтуынша, қазір бүкіл Нигер бойынша коменданттық сағат жарияланған. Кешкі он мен таңғы 5 аралығында жарық болмайды. Бұдан бөлек ел аумағындағы билік инстуттары жұмыс істемейді. Жағдай тұрақталмайынша шекара да жабық болады.
Амаду Абдурахман, генерал-полковник:
- Республиканың барлық мекемесі уақытша жұмысын тоқтатты. Қорғаныс және қауіпсіздік күштері бәрін бақылауда ұстап отыр. Барлық сыртқы серіктестерден ел ішіндегі жағдайға араласпауды сұраймыз.
Қазір әлем елдері мен халықаралық ұйымдар бірінен соң бірі Нигердегі әскери төңкеріс әрекетін қатаң айыптап, мемлекеттің заңды президентін босатуды талап етіп отыр.
Азали Ассумани, Африка одағының төрағасы:
- Африка одағы Нигердегі әскери төңкеріс әрекеттерін қатаң сынға алады. Елдегі конституциялық тәртіпті ретке келтіріп, тез арада президент Мұхаммед Базум мен оның отбасын қамаудан босатуды талап етеміз.
Энтони Блинкен, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы:
- Америка Құрама Штаттары Мұхаммед Базумды Нигердің демократиялық жолмен сайланған президенті ретінде таниды. Сондықтан оны тез арада қамаудан шығаруға шақырамыз. Біз билікті күшпен алуға бағытталған кез келген әрекетті қатаң айыптаймыз.
Нигер бұрын Францияның отары болған мемлекет. Тәуелсіздік алғалы бері бұл елде билік төрт рет төңкеріспен ауысты.