Еуропада инфляция ырық берер емес

Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұр.

Осыған байланысты әлемнің алғашқы экономикасы - АҚШ-та кейінгі бір жарым жылда пайыздық мөлшерлеме осымен 11-шы рет көтерілді. Ізінше Еуропа Орталық Банкі де ұқсас шешім қабылдады. Мұның бәрі қымбатшылықты тоқтату үшін жасалып отыр. Ал Түркияда пайыздық мөлшерлеме көтерілсе де, инфляция тежелер емес.

Еуроаймақта пайыздық мөлшерлеме тағы да көтерілді. Еуропа Орталық Банкі жыл басынан бері тоғызыншы рет осындай қадамға барып отыр. Сөйтіп қазір мөлшерлеме - 4,25 процентке жетті. Соңғы рет мұндай жағдай 2000-жылдардың басында тіркелген. Еуропаның орталық банкі өкілдерінің мәлімдеуінше, аймақта инфляция біртіндеп төмендеп барады. Десе де әлі де жоғары деңгейде. Сол себепті осындай қадамға баруға  тура келген. Болжам бойынша жыл соңына таман инфляция 5,4 процентке дейін төмендеуі тиіс. Ендігі мақсат - көрсеткішті 2 процентке жеткізу. Бірақ есептеулер бойынша, бұл екі жылдан кейін ғана мүмкін болады. Сондықтан алдағы уақытта пайыздық мөлшерлеменің тағы да көтерілуі ғажап емес. Ал мұның бәрі ең алдымен банк секторы мен банкте қарызы бар адамдарға салмақ түсіріп отыр.   

Кристин Лагард, Еуропа Орталық банкінің басшысы:

- Соңғы кездесуде инфляция төмендейді деп пайымдаған едік. Болжамдарымыз расталып отыр. Көрсеткіштер төмендеп келеді. Алайда соның өзінде инфляция деңгейі жоғары. Және ұзақ уақыт бойы осылай боп қала беретін сияқты. Өйткені ішкі сұраныс аз. Ал бұл әсіресе өңдеуші өнеркәсіпке кері әсер етуде. Сыртқы сұраныс та мәз емес. Жылжымайтын мүлік пен бизнеске де аз инвестиция құйылып жатыр.

Жапонияда баға бағынбай тұр

Бір күн бұрын АҚШ-та да пайыздық мөлшерлеме көтеріліп, кейінгі 22 жылда болмаған деңгейге жетті. Федералдық қор жүйесі өткен жылдың басынан бері 11-рет көрсеткішті өсіріп отыр. Мұның бәрі қымбатшылықпен күресу үшін жасалған. Ал Жапонияның орталық банкі шілде отырысы бойынша пайыздық мөлшерлемені көтермейтін болып шешті. Әлемде тек күншығыс елінде ғана көрсеткіш нөлден төмен. Мұнда пайыздық мөлшерлеме минус 0.1 процент шамасында. Бірақ жергілікті тұрғындар оның көтерілгенін қалайды. Өйткені қымбатшылық қысып бара жатқанын айтады.  

БЛИЦ:

- Жапония Банкі пайыздық мөлшерлемені көтермей отыр. Меніңше, кейінгі он жылда мекеменің қабылдап отырған шешімдері сәтсіздікке ұшырап келеді. Соның кесірінен біздің жалақымыз да өспей отыр.

- Баға өсіп жатыр. Алайда жалақымыз сол күйінде. Балалар есейгенде, кеңірек үйге көшеміз ба деп едік. Жердің бағасы шарықтап тұр. Сондықтан жақын арада арманымыз орындалмайтын сияқты.

Түркияда инфляция 58% болуы мүмкін

Ал Түркияда маусым қорытындысы бойынша инфляция 38 пайыздан асқан. Бұл Еуроаймақ және АҚШ-пен салыстырғанда, жоғары, әрине. Бірақ сонда да Түрік елі үшін кейінгі бір жарым жылдағы ең төменгі көрсеткіш болып отыр. Орталық Банктің қаржы-несие саясатын қатаңдатуы өз нәтижесін бере бастағанға ұқсайды дейді сарапшылар. Маусымда ол кейінгі 2 жарым жылда алғаш рет пайыздық мөлшерлемені көтерген. Өйткені мекеме президенті ауысты. Оның алдындағы басшы басқа саясат ұстанып, мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы көтермей қойған еді. Десе де Орталық Банк жыл соңына таман инфляция 58 пайызға жететінін пайымдайды. Бұл аналитиктер үшін күтпеген мәлімдеме болды. Өйткені сарапшылар көрсеткіш ары кетсе, 40 пайыздан аспайды деп болжаған еді. Бірақ ұлттық валюта - лира құлдырап, энергия тасымалдаушылардың бағасы әлі де шарықтап тұр.