АҚШ-та ауа сапасы күрт нашарлап кетті
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын ауаның ластануынан 7 миллион адам көз жұмады.
Мамандар алдағы уақытта бұл сан арта түседі деп алаңдаушылық білдіруде. Өйткені климаттың өзгеруі салдарынан орман өрті жиілеп, салдарынан атмосферадағы зиянды заттардың мөлшері артып барады.
Биыл АҚШ-та ауа сапасы күрт нашарлап кетті. Бұл туралы ескерту 120 миллион америкалыққа, яғни АҚШ тұрғындарының шамамен үштен біріне жіберілген. Оған орман өрті себеп. Салдарынан тыныс алу жолдарының ауруы бар азаматтар медициналық көмекке әдеттегіден 10 есе жиі жүгінетін болған. Арасында жасы 65-тен асқан қарт кісі көп. Биыл орман өрті жиілеп кеткен Канада шекарасына жақын орналасқан Нью-Йорк тұрғындарына оңайға соқпай отыр. Тілсіз жаудың түтіні Чикаго мен Детройт жұртын да біраз әбігерге салды. Жақында қос қала ауасы ең лас шаһарлар тізімінде алғашқы орындардан көрінген.
Дэниэл Хортон, АҚШ-тың солтүстік-батыс университетінің профессоры:
- Чикагода ауаның ластануы бұрыннан бар проблема. Әдетте оған көліктен бөлінетін зиянды газдар себеп болатын. Бірақ бұл жолы көрші Канададағы орман өрті жағдайды тіптен ушықтырып жіберді. Дені сау адамның өзіне көшеде ұзақ жүру оңай емес. Ал тыныс алу жолдары ауыратын адамдардың жағдайы тіптен қиындап кетті. Өкінішке қарай, болашақты мұндай жағдайлар тек жиілей түсуі мүмкін. Өйткені климаттың өзгеруі салдарынан орман өрті де көбейіп бара жатқанын бәріміз де көріп отырмыз.
Осы климаттың өзгеруінің салдарынан Канада биыл ел тарихында орман өртінің ең нашар маусымын бастан кешуде. Осыған байланысты маусымның соңында атмосферадағы көмір қышқыл газының мөлшері рекордтық деңгейге жеткен. Бұл тек Канаданың өзі мен көрші АҚШ-қа ғана емес, тіпті мұхиттың ар жағындағы Еуропа тұрғындары үшін де қауіп төндіріп тұр.
Блиц:
- Менің жасым 87-де. Ауаның ластануы денсаулығыма қандай зиян әкелетінін білемін. Сондықтан сыртқа шықпауға тырысамын. Ал шықсам, бетпердемен жүремін.
- Кейінгі 50 жылда ауаның ластануы деңгейі осындай межеге жеткенін алғаш көруім.
Десе де ауаның ластануы бойынша шынайы уақыт режимінде деректерді көрсететін Ай-Кью-Эйр рейтингінің басында әдеттегідей Азия қалалары көп. Бүгін антирейтингтің алғашқы ондығында Малайзия, Индонезия, Пәкістан мен Үндістан шаһарлары тұр. Оған көліктің көптігі себеп. Оның үстіне фермерлер егін жинағаннан кейін масақты өртеп, жағдайды одан бетер ушықтырып жібереді.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева