Әлемдік мәдени мұралар жойылып барады
Жыл өткен сайын Жер бетінде көненің көзі саналатын мұралар азайып барады.
Бірі қарулы қақтығыс салдарынан жойылса, енді біріне климаттың өзгеруі кәдімгідей кесірін тигізіп жатыр. Ахуалға байланысты ЮНЕСКО ұйымы дабыл қағып, ғасырлар бойы сақталып келген тарихи қазынаны мейлінше қорғап қалуға шақыруда.
Суданда интеллектуалды мұра жойылып жатыр. Ел ішіндегі тұрақсыздықтан Хартум қаласында ең ірі кітапхана өртеніп кетті. Ұлттық музей де шабуылға ұшырап, біраз жәдігер жойылды. Қолда бар мәлімет бойынша, елде қарулы қақтығыс басталғалы 30-ға жуық мәдени һәм археологиялық ескерткіш қираған. 4 музей бүлінген. Мамандар олардың бәрінде ежелгі өркениетке тән бұйымдар сақталғанын айтады. Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енген 2 нысан аумағында тонау әрекеттері жиілеп кеткен. Соған қарамастан, мамандар құнды жәдігерлерді барынша қорғауға тырысып жатыр.
Қытайда будда бейнеленген фрескаларға жойылу қаупі төнді. Атап айтқанда, үңгір ішіндегі ғибадатханада ылғалдылық артып, қабырғадағы суреттер бүліне бастаған. Бұның бәрі климаттың өзгеруінің кесірі дейді мамандар. Олардың айтуынша, кейінгі 20 жылда Ганьсу провинциясындағы ауа температурасы әлемдегі орташа көрсеткіштен біршама жоғарылай түскен. Жаңбыр да жиілеп кетіпті. Соның салдарынан кейбір жәдігер айналдырған 1-2 жылдың ішінде толығымен жойылуы мүмкін.
Шаһар суға шөгіп барады
«Венецияны Дүниежүзілік мұра тізіміне қосу керек». ЮНЕСКО мамандары жуырда осындай мәлімдеме жасады. Ұсыныс келесі айда ұйым отырысында қаралады. Өйткені су үстіндегі қала көп ұзамай құрдымға кетеді деген қауіп бар. Бұған ең алдымен климаттың өзгеруі әсер етіп жатса керек. Туристердің тым көп келуі де қалаға өз зиянын тигізіп жатыр, дейді ұйым өкілдері. Айта кетейін, аталған мәлімдемеде Италия билігінің мұраны сақтап қалу үшін ауқымды шара жасамай отырғаны да айтылады.