Әлем елдерін құрғақшылық қысып барады. Шартарап

Соның кесірінен егістік алқаптары қурап, өзен-көлдер суалған.

Шарасыз шаруалар енді не істерін білмей дал, ал жүк тасымалдаушы компаниялар шығынға баттық деп алаңдаушылық білдіріп жатыр.

 

Құрғақшылық қысып барады

Испанияның Пенедес өңірін қуаңшылық жайлады. Күннің шыжығаны сонша, 30 жылдық жүзім алқаптары күйіп кеткен. Жаңбыр жаумаса, биыл өнімсіз қалатын түріміз бар, - дейді шаруалар. Соған қарамастан алқаптың қурап кетуіне жол бермеу үшін өздерінше қарекет қылып, суды мейлінше үнемдеуге көшкен. Айта кетейік, биылғы жаз маусымы Пенедесте кейінгі 62 жылда болмаған ыстық тіркелді.

 

Рейн өзенін суалды

Аптап ыстық пен құрғақшылықтан Германияда Рейн өзені тартылып барады. Тіпті кейбір жерлерінің қайраны шығып, құмдауыт тартқан. Мамандардың айтуынша, биыл су деңгейі 2 метрге төмен түсіп кеткен. Бұл кеме қатынасына кәдімгідей кедергі келтіріп отыр. Экономикаға да айтарлықтай ауыртпалық салған. Өйткені су көліктері қайырға тұрып қалмас үшін кемелерге жүктің тек үштен бірі ғана тиеліп жатыр. Экономистердің болжамы бойынша, Кауб қаласы маңында өзен суының деңгейі тағы бір ай 78 сантиметрден төмен болса, Германияның өнеркәсіп өндірісі 1%-ке қысқарады. Айта кетейік, жыл сайын Рейн өзені арқылы миллиондаған тонна жүк тасымалданады.

 

Титикака көлі тартылып барады

Құрғақшылық Боливиядағы Титикака көліне де кері әсерін тигізіп жатыр. Су айдыны жағалаудан бірте-бірте алыстап барады. Осыған байланысты жергілікті билік дабыл қағып отыр. Ғалымдар да асқан алаңдаушылық білдіріп жатыр. Өз кезегінде көл іргесінде өмір сүретін халық мұндайды бұрын-соңды көрмегенін айтады. Балықпен күн көріп отырған жұрт енді жағдайымыз не болмақ дейді. Айта кетейік, Титикаканың тартылуы тек балықшыларға емес, туризм саласына да әсер етіп жатыр. Көлді көруге келетіндер саны күннен күнге азайып жатыр екен.