Ташкентте Алматының туристік әлеуеті таныстырылды
Оңтүстік мегаполис Өзбекстаннан келетін саяхатшы санын арттыруды көздеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Биыл көрші елдің 18 мың азаматы аталмыш шаһарда аялдаған. Алайда шараны ұйымдастырушылар бұл көрсеткішті бірнеше есеге ұлғайтқысы келеді. Ал ол үшін шаралар қолға алынбақ?
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Алматы – тұтас еліміздің туристік келбеті. Биыл алғашқы 6 айда оңтүстік мегаполисте 120 мыңға жуық шетелдік тоқтаған. Ішкі туризмнің де үлесі басым. Елдің түкпір-түкпірінен қалаға 333 мың саяхатшы барды. Сала жетекшілері Ташкентте кезекті роуд-шоу ұйымдастырды. Жергілікті тур компанияларға кең мүмкіндігін, бай әлеуетін таныстырды. Сол арқылы Өзбекстан мен Қарақалпақстаннан еліміздің ең ірі қаласына жаңа бағыттар ашу көзделген.
Назима Юсуфбекова, туристік компания өкілі:
- Біз Қазақстанға көп саяхатшы жөнелткіміз келеді. Алматы бағыты өте тартымды. Арадағы әріптестік мол нәтиже береді деген сенімдеміз.
Екі елдің арасында тұрақты әуе рейстері артты. Бір ғана Алматы-Ташкент бағытында аптасына 24-і орындалады. Қазір шекаралық өткізу бекеттері кешенді жаңғыртудан өтіп жатыр. Кедендегі кептеліс реттелсе, барыс-келіс мәселелері толық шешімін табады. Осы күні Алматының экотуризміне қызығушылық көп. Біздегі тау бөктеріндегі демалыс, табиғи парктерге саяхат, қала берді ұлттық асханамыздағы ерекшелік кез келген шетелдікті бей-жай қалдырмайды.
Әмина Бекжанова, туристік компания жетекшісі:
- Туризм үшін жасыл дәліз жарату керек. Екі елдің тиісті ведомствалары осы мәселеге назар аударса дейміз. Адамдар іркіліссіз өту керек. Біз әдетте Түркістанға апарамыз. Осыны бір тәртіпке келтірсе, жақсы болар еді.
Алматының медициналық туризм саласы да еш жерден кем емес. Тек ақпараттық-насихат жұмыстарын жандандыру қажет. Бұл тұрғыда Ташкенттің тәжірибесі мол. Мұнда Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен ем іздеп келушілер мыңдап саналады. Көбі қызмет құнының арзандығын әрі қолжетімділігін алға тартады. Жалпы тур.компаниялар қарым-қатынасты осы бағытта да жандандыруға ниетті. Дертке шипа іздегендерге түрлі сауықтыру орындарын ұсынуға дайын.
Авторы: Рауан Мыңбаев.