Испанияның Севилья аймағында көше тазалығына жергілікті тұрғындар жауапты
Ал Испанияның Еңбек министрлігі аптап ыстық кезінде даладағы жұмыстардың бірқатар түріне тыйым салды.
Осының салдарынан Севилья аймағында көше тазалығы жергілікті тұрғындарға жүктелді.
Бұл - Севилья аймағындағы сегіз жүз ғана тұрғыны бар Эль-Гарробо қалашығы. Мұнда соңғы бір айда муниципалды қызметкерлердің жұмысы тоқтады. Себебі аптап ыстық далада жүруді қиындытты. Дәл осы аймақта ауа температурасы алпыс градустан асқаны тіркелді. Салдарынан Эль-Гарробо қалашығының әкімшілігі көше тазалығын жергілікті тұрғындардың мойнына артып отыр. Жергілікті халық оған қарсы емес.
Лусия Браво, Эль-Гарробо тұрғыны:
- Қапырық ыстық кезінде қоқыстың иісі қолқаңды қабады. Сондықтан бірігіп, не болмаса кезекпен көше тазалығын қолға аламыз. Дей тұрғанмен бұл жұмыс уақытша деп үміттенеміз, әйтпесе салықты не үшін төлеп отырмыз?
Аида Қыдырбай, тілші:
- Көше тазалығымен қатар, құрылыс пен жол-жөндеу жұмысының қызметкерлеріне де қапырық ыстық қатты кедергі. Тамыздың алғашқы күнінде Барселона маңында жол жөндеу жұмысының екі қызметкері асфальт төсеп жатып, қайтыс болды. Жалпы Испания бойынша соңғы он күнде қатты ыстықтан жеті жүзге жуық адам көз жұмған.
Еңбек министрлігінің ашық аспан астында жұмыс уақытын қысқартуға қатысты қаулысы шықанымен, оны орындап жатқандар некен саяқ. Құрылыс пен жол-жөндеу жұмыстары қарқынды бәсеңдеткен емес.
Лаура Бенитес, муниципалды қызметкер:
- Қатты ыстықта жұмыс істеу мүмкін емес, бірақ күніміз айлыққа қарап тұрғаннан кейін, жұмысқа шығуға мәжбүрміз.
Испанияның бірқатар аймағында ауа райына байланысты қауіптің ең жоғарғы қызыл деңгейі жарияланды. Метеорологиялық қызмет тамыз айында да аптап ыстық жалғасатынын ескертті.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач