Испанияда еңбек адамдары ереуілге шықты
Испанияның Каталония аймағындағы кәсіпоадақ ұйымының жиырма мыңнан астам қызметкері ереуілге шығып, жалақы және пәтерді жалға берудің бағасын реттеуді талап етті.
Митинг кезінде төрт адам ауыр дене жарақатын алып, ондағаны емханаға жеткізілді. Тұрғындардың айтуынша интернет желісінің жылдамдығы баяулап, кәсіподақ сайттары бұғатталған.
Жалға берілетін баспанаға қатысты дау Испанияда күн санап өршіп барады. Әсіресе ұзақ мерзімге берілетін пәтердің ақысы пандемиядан кейін екі есе шарықтады. Мыңдаған еңбек адамы Барселонада наразылық акциясын ұйымдастырып, қаланың орталық көшесін жауып тастады.
Карла Браво, ереуілге қатысушы:
- Билік пандемиядан кейінгі бір жылда ұзақ мерзімге берілетін баспана бағасын ұстап тұруды уәде еткен. Алайда мұндай көмек көрсетіліп жатқан жоқ. Пәтерге төленетін баға биыл тағы жиырма процентке көтерілді.
Тұрғындардың айтуынша ереуіл кезінде интернет желісі баяулаған, кейбір жерлерде тіпті өшіп қалыпты. Кәсіпоадақ ұйымының сайттары бұғатталған. Барселона тұрғыны Пабло мұны жергілікті қалалық кеңестің шешімен байланыстырады.
Пабло Ариас, Барселона тұрғыны:
- Басқа қаланың да кәсіподақ ұйымдары бізді қолдайды. Ереуіл ауқымын ұлғайтпас үшін кеңес интернетті бұғаттау идеясын жүзеге асырып жатыр.
Әлеуметтік сауалнама кезінде Испанияда пәтерді ұзақмерзімге алатын он адамның жетеуі баспана құнын төлей алмай қиналып жүрміз деп,- жауап берген. Атап өту керек, Испаниядағы халықтың 15 проценті жалдамалы үйде тұрады. Барселона, Мадрид, Севилья, Сан-Себастьян сияқты ірі қалаларда 60 шаршы метрлік пәтердің айлық бағасы екі мың еуроға жуықтайды.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач