Норвегияда су тасқынынан халық эвакуацияланды
Норвегия 3 күннен бері табиғи апат салдарымен күресіп жатыр.
Төтенше жағдайлар қызметі жүздеген адамды қауіпсіз жерге көшірді. Бірнеше күн бойы толассыз жауған нөсер соңы алапат тасқынға ұласып, кей жерде лай көшкіні жүрген. Күшті жел электр желілерін үзіп, елді мекендер жарықсыз қалды. Елдің оңтүстігінде жолдар жабылып, көлік пен теміржол қозғалысында кедергі туындады.
Ханс Олав Лейте, жергілікті тұрғын:
- Бейнебір бульдозер сияқты алып техника жүріп өткен сияқты, дүлей дауыл мен алапат тасқын бәрін жапырып өтті. Мұндай сұмдық табиғи апатты бұрын-соңды көрген емеспін. Су көлігімді ағызып әкетті. Сосын қажет киімдерді асығыс ала салдым да, босағама келіп тұрған құтқарушыларға еріп кеттім.
Алапат тасқын америкалықтарды да әбігерге салды. Массачусетс штатында 1 күнде жауған жаңбырдың деңгейі 20 сантиметрден асып кетті. Андовер қаласында көліктер мен ғимараттар су астында қалды.