Араб азаматтары Абай мұрасын танып жатыр
Абай – бейбітшіліктің, келісімнің және өзара мәдени түсіністіктің символы.
Біріккен Араб Әмірлігі ұлы Абайды осы қырынан да таниды. Белгілі ақын, философ, реформатор қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне ғана үлес қосып қоймай, дінге деген либералды, толерантты көзқарасымен ерекше есте қалды. Араб азаматтары бұл күнді Абай мұрасын тануға арнады.
Бибігүл Нысанбаева, тілші:
- Біз қазір Қазақстанның Біріккен Араб Әмірлігіндегі елшілігіне келіп тұрмыз. Бұл жерге осы елде өмір сүретін өз отандастарымыз жиі келіп тұрады. Сосын қазақтың рухани дүниесін танығысы келетіндер де жиналады. Әсіресе жергілікті араб азаматтары Абай Құнанбаевтың бай әдеби мұралары мен философиялық жазбаларына сусындау үшін арнайы келеді. Өйткені елшілік ғимаратында осыдан 3 жыл бұрын арнайы ашылған Абай залы бар.
Абайдың жыры – ұлағат, «Қара сөзі» – тәлім. Соңғысы 125 жыл бұрын жазылса да, терең ойлардың бүгін де мәні бар. Ертеңге де азық. Мұхаммед Камил Ал-Муайни ойшылдың 45 қара сөзден тұратын әфсаналарын сүйіп оқиды.
Абай араб әлеміне исламның гуманитарлық, толеранттылық қағидаларына ерекше мән берген тұлға ретінде танылды. Хакімнің дінге деген либералды көзқарасы арқылы әлем оны бейбітшілік пен келісім қайраткері ретінде құрмет тұтады.
Мұхаммед Камил Ал-Муайни, Халықаралық мәдени дипломатия институтының төрағасы:
- Әлем қазақты Абай арқылы таныды. Ол дінге деген ашық көзқарасымен, Шығыс пен Батыс мәдениетін терең түсінуімен жан-жақты, бөлек адам болды. Оның тұлғалық болмысын Мұхтар Әуезов «Абай жолы» шығармасы арқылы ашып берді. Әлеуметтік гуманизм, оның дінге көзқарасы, даналық дүниетанымы, терең ойларын ұстаздың ғақлия, яғни қара сөздерінен таптым.
Ибраһим Маматшаев Біріккен Араб Әмірліктері Университетін халықаралық қатынастар мамандығы бойынша тәмәмдаған. Қазір осы жақта жеке кәсіптің иесі. Адам өз елінен жарықтаған сайын отанына рухани жақындай түседі, - дейді ол. Абайды үлгі санайтын ол ағартушының ізімен туған жерде бірнеше мектеп ашсам деген мақсаты бар.
Ибраһим Маматшаев, кәсіпкер:
- Өлеңдерін, поэмаларын, қара сөздерін кішкентай кезімізден оқып өстік. Тіпті мектеп кезінде бізде Абай оқулары болатын. Менің есімімнің өзі Абай атамыздың есімімен бірге ұштастырылған. Сол кісілерге ұқсасын деген мақсатта атымды ата-анамыз осылай қойған. Мүмкін оның да септігі болар. Осы Абай атамыздың өлеңдерін жастайымыздан оқып, тәлім-тәрбие алып өстік.
Авторлары: Бибігүл Нысанбаева, Нұраш Райс.