Өзбекстанда әлеуметтік оқыту әдісі енгізіледі

Өзбекстанда биыл мектеп бағдарламасына әлеуметтік оқыту әдісі енгізіледі.

Ол балаларды өмірлік қиын жағдайға төтеп беріп, жабығып-мұңаюдың алдын алуға көмектеседі. Көршіміз жас өскіндер арасында буллингтің көбейгеніне алаңдап отыр. Мәселені шешу үшін арнайы қаулы қабылданды.

Мұндай оқыту бағдарламасы Еуропа елдерінде кең қолданылады. Өзбекстанда оны енгізу үшін мұғалімдерді жаппай оқыту көзделген. Қазір жаңашылдықтың қыр-сыры зерделеніп жатыр. Атауы – Social and Emotional Learning. Қысқаша айтқанда, «SEL» оқыту бағдарламасы өрендерді өзін-өзі басқару, қиын жағдайларға төтеп беру, депрессиялық

ахуалды болдырмауға үйретеді. Түптеп келгенде суицид деректерін азайтуға септігін тигізеді. 

Самира Рахимова, республикалық диагностика орталығының әдістемешісі:

- Әлеуметтік оқытуға негізделген сабақтар өтеді. Оны іске қоспас бұрын арнайы тренерлерді даярлаймыз. Олар әр мектепке барып, мұғалімдермен тікелей жұмысын бастайды. Психологтармен қатар, мектеп директорлары және орынбасарлары осы бағдарламаны меңгереді. SEL бағдарламасы балалардың психологиялық қиын жағдайда қалмауына көмектеседі.

Көршіміздегі мектептерде психологтар саны жеткілікті. Дегенмен, балалар арасында бірін-бірі кемсіту деректері тыйылмай тұр. Өткен оқу жылында қоғамды дүрліктірген жағдай аз болмады. Мәселеге ЮНИСЕФ халықаралық ұйымы араласып, жалпы білім беру мекемелеріндегі зорлық-зомбылықты болдырмау және жедел әрекет ету бағдарламасын ұсынды. Қазір заң нормаларын сәйкестендіру ісі жүріп жатыр.

Самира Рахимова, республикалық диагностика орталығының әдістемешісі:

- Буллинг термині енді қолданыла бастады. Оған қатысты деректер тіркеліп тұрады. Әдетте мектеп жасындағы балалар арасында мұндай жағдай жиі болады. Сондықтан оған қарсы тұрудың бірден-бір жолы ретінде осындай оқыту, яғни өмірлік қиын жағдайларға қарсы тұру әдісі енгізіліп отыр. 

Жалпы Өзбекстанда мектеп саны 10 мыңнан асады. Орта білім беру ұйымдарында 6 жарым млн бала тәлім алып жүр. Ал биыл бірінші сыныпқа 732 мың өрен қабылданады. Мектеп табалдырығын аттайтын балалардың әрбіріне президент атынан сыйлық қарастырылған. 

Еркін Мұрадов, білім беру министрлігінің басқарма басшысы:

- Біз биыл бағдарламаға біраз өзгеріс енгіздік. 7-сыныптан бастап екінші шет тілі енгізіледі. Яғни қолданыстағы ағылшын тіліне қоса, неміс немесе одан өзге тілдер оқытылады. Бұл озық тәжірибе екеніне көз жеткізіп отырмыз. 

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Елде мұғалімдер мәртебесі  біздегідей жоғары емес. Жоспарда білім беру ұйымдарында қызмет ететін 503 мың адамның жалақысын көбейту бар. Қазір олардың орташа айлық табысы 3 млн сом, яғни 120 мың теңгеге тең. 

Рауан Мыңбаев