Италиядағы көне Помпеи қаласы өзіне ғалымдар назарын аудартты

Италия ғалымдары Везувий жанартауының атқылауы кезінде Помпей шаһарында опат болған тағы үш адамның қаңқасын тапты.

2 әйел мен бір баланың сүйегі ескі наубайхана ішінен шықты. Мамандар олар зілзала кезінде осында келіп жасырынған болуы мүмкін - деген болжам айтты. Қазір қазба жұмыстары жалғасып жатыр. Толығырақ тілшіміз айтып берсін.

Біздің заманымызға дейін VII - VI ғасырларда бой көтерген Ежелгі Римдегі Помпей қаласының тарихы археологтарды үнемі қызықтырған. Шаһар біздің эрамыздың 79-шы жылы Везувий жанартауының атқылауынан жермен жексен болды. Содан бері зерттеушілер ежелгі қаланың тарихын қалпына келтіруге күш салып келеді. Ғалымдар жақында шоқ пен күл басқан үй ішінен бірнеше адамның сүйегін тапты. 

Габриэль Зухтригель, Помпей археологиялық паркінің директоры:

- Бұл үй ақсүйектер отбасына тиесілі болса керек. Өйткені оның ішінен картиналар мен қабырғаға салынған суреттер шықты. Сондай-ақ наубайхананы кездестірдік. Мұндай баспананы ол кезде тек жоғарғы каста ғана иеленген. 

Үйдің ішіндегі қабырғаның бірінен пиццаға ұқсайтын сурет табылды. Ғалымдардың пікірінше, бұл танымал тағамның қызанақ пен ірімшіксіз бастапқы нұсқасы. Сонымен қатар үй ішінен үлкен пеш шықты. Мамандар онда күніне 100 бөлке нан жасалған- деген болжамдарын айтты. 

Роберта Приско, реставратор:

- Бұл орынның жақсы сақталуына жанартаудың атқылауы кезінде шыққан ерекше материал әсер еткен. Бірақ ғасырлар бойы жер қойнауында нығыздалып жатқан ғимараттар қазған кезде күн сәулесінен тез бұзылуы мүмкін. Сондықтан оларды аршу кезінде барынша абай болған абзал.

Ғалымдар ежелгі шаһарды толық қазып, аршып шығуды қаламайды. Себебі бұдан тарихи орын бүлініп, келешек ұрпаққа жетпей қалуы мүмкін- дейді.

сымбат галымжанкызы Дәурен Ақашұлы, Вероника Боярова