Орман өрті туризмді тұралатты
Тамыз айы туризмнің нағыз қызатын шағы.
Бірақ кейбір елдерде бұл салаға қауіп төніп тұр. Климаттың өзгеруі мен ғаламдық жылыну туризмнің дамуына үлкен кедергі болып тұр. Әсіресе АҚШ пен Еуропаға қатысы мол.
АҚШ-тың ғана емес, әлемдік туризмнің басты орталықтарының бірі - Гавай аралындағы орманнан шыққан өрт аймақтағы туризмге үлкен соққы болып тиді. Табиғи апаттың ошағына айналған Мауи аралында тілсіз жау 2200 ғимаратты күлге айналдырған. Олардың арасында туристік инфрақұрылымның нысандары өте көп. Сондай-ақ 1 мың қонақ үй бөлмесі өрт сөндірушілер мен баспанасыз қалған тұрғындарға тегін берілген. Арал тұрғындарының 36 пайызы нәпақасын туризмнен табатын. Бұл сала жекеменшік сектордағы жұмыс орындарының 75 пайызын құрайтын. Аймақ бюджетінің 80 пайыз кірісі демалушылардың есебінен түсетін. Билік Гавайдағы ғимараттарды қалпына келтіру үшін 5 миллиард доллар қажет дейді.
Қытай
Ейнар Танген, сарапшы:
- Өрттің өзі миллиардтаған шығын әкелді. Бұдан басқа, аймақтың негізгі табыс көзі болып келген туризм саласы тығырыққа тірелді. Сонда жергілікті экономикаға 2 есе соққы тиіп отыр. Тез арада сырттан құрылыс компанияларын әкеліп, қалпына келтіру жұмыстарын бастап кету керек. Әйтпесе еңсені түзеу оңай болмайды.
Туристер қызығатын мұздық еріп жатыр
АҚШ-тың тағы бір аймағы Аляскада туризм құрдымға кеткелі тұр. Бұған да - климат кінәлі. Штат орталығы - Джуно қаласынан 19 шақырымда орналасқан атақты Менденхолл мұздығы еріп жатыр. Осы таңғажайып жерді көру үшін күнде мыңдаған турист келетін. Соңғы 5 жылда мұздықтың аумағы 8 футбол алаңындай көлемде қысқарған. Тіпті 2050 жылға қарай мұздық мүлде кішірейіп қалады деген болжам бар.
Керри Киркпатрик, кәсіпкер:
- Алып мұздық еріп жатыр. Оны көру үшін күнде әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар келеді. Мұздық жойылса, туристер бұл жерге жоламайтын шығар.
Еуропадағы аптап ыстық туризмге тұсау болды
Ғалымдық жылыну Еуропаның оңтүстік бөлігіне ағылған туристер санын қысқартты. "Кәрі құрлықтың" Жерорта теңізі жағына барған саяхатшылар қатары өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға азайған. Бұған аптап ыстық, құрғақшылық, ормандағы өрт сияқты қолайсыз ауа райы - басты себеп. Метеорологтар алдағы аптада темпаратура 50 градусқа жуықтауы мүмкін деп ескертеді. Ал сарапшылар туристердің өзін қоршаған орта үшін жауапты болуға шақырады.
Аманда Сесил, Индиана университеті туризм кафедрасының профессоры:
- Негізі саяхат пен туризмнің қоршаған ортаға едәуір әсері бар. Әлемдегі газ қалдарының 10 пайызы туризм өндірісіне тиесілі. Бұл тұрғыда автокөліктің зияны басым. Бірақ бұл саяхаттаған дұрыс емес дегенді білдірмейді. Тек туристер ауаны ластамау жағына көбірек мән беріп, саяхат жасау мәнерін өзгертуі керек деп ойлаймын.
Әлемдік экология үшін үлкен дағдарыс тудырып отырған пластиктердің көбін туристер лақтырады. Жағада қыдырғанды ұнататын әр 10 туристің 8-і мұхитқа жыл сайын 8 миллион тонна пластик тастайды екен. Көптеген қонақ үйлер бір рет пайдаланылатын пластик шампунь, тіс щеткалары мен тарақтарды үнемі ұсынады. Алып круиз кемелері де суды ластайды. Экологтар ел мен жер аралағанда, қоршаған ортаны таза ұстауға ерекше мән беруге шақырады.