Корея көршілес елдің шабуылынан қорғану үшін жаттығу өткізді
Оңтүстік Кореяда көлік атаулы тоқтап, жұрт жаппай жертөлеге түсті.
Елде азаматтық қорғаныс бойынша оқу-жаттығу жиындары өтті. Халық бұл іс-шараға түсіністікпен қарап, әскерилердің бұйрығын орындады.
Мұндай қауіпсіздік жаттығуын өткізуге не себеп және ол қалай өтті?
Владислав Цой, тілші:
- Әуе шабуылын ескертетін дабыл берілгеннен кейін тұрғындар метро мен жертөлеге түсуі керек. Жақын жерде ондай мүмкіндік болмаса, ең жақын ғимаратты паналауы тиіс. Сеулде азаматтық қорғаныстың осындай 3033 нысаны бар.
Жаттығу кезінде адамдар Солтүстік Корея армиясының әуе шабуылына дайындалды. Оқу-жаттығу сценариіне сәйкес, дәл түскі сағат екіде жау ұшақтары Оңтүстік Кореяның әуе кеңістігіне басып кірді. Ескерту жарияланды. Адамдарды эвакуациялау басталды. Барлық көліктер 15 минутқа токталды. Метрода халыққа алғашқы көмек көрсету мен қажет болған жағдайда әскери қаруды пайдалану үйретілді. Үкіметтік емес ұйымдар жаттығуға қатысқандарға тамақ таратты.
Ли Чон Ын, Сеул қ. әйелдер қауымдастығының төрағасы:
- Төтенше жағдайда билік, азаматтар және әскер бірлесіп бірге қорғауымыз керек. Соғыс бола қалса, азық-түлікке мұқтаж адамдар көп болады. Сондықтан ас әзірлеп, халыққа қолдау көрсетеміз.
Оқу-жаттығу соңғы 6 жылда өтпеген. Коронавирустықа байланысты уақытылы ұйымдастырудың сәті түспеді.. Биылғы оқу-жаттығудың тақырыбы бекер таңдалмаған. Себебі ел президенті Юн Сок Ёль билікке келгеннен бері Солтүстік Кореямен қарым-қатынас ушыға түсті. Ал 2022 жылдың желтоқсанында Сеулге КХДР аумағынан бес дрон кірген. Олар бірнеше сағат бойы әуеде қалықтап, оңтүстік кореялықтардың нысанасына ілікпей кейін кетіп қалған.
Менің ойымша, мұндай жаттығулар қажет, өйткені біз Солтүстік Кореяның шабуылына дайын болуымыз керек. Мұндай шабуылдар болмағанымен Корей түбегінде соғыс қаупі бар. Өйткені Солтүстік Кореяның барлау дрондары Сеулден табылды.
Адамдарды эвакуациялау сәтті өтті. Әуе шабуылы кезінде жүргізушілер де арнайы қызметінің талаптарын орындап, көліктерді тоқтатқан. Тек Сеулдегі метро станциясында бір қарт әйел есінен танып қалған. Биыл Солтүстік пен Оңтүстік Корея арасындағы соғыстың аяқталғанына 70 жыл толды. Бірақ, шын мәнінде, екі ел арасындағы текетірестің көкжиегі көрінер емес.
Владислав Цой, Ольга Лян